Ақтауда «TEMIRADAМ» Кубогінің финалы өтті

27 September 2018

Өткен демалыстар күндері Каспий теңізінің жағасында 2018 маусымының ақтық жарысы – Age Group санатындағы спортшылар арасында триатлоннан «жартылай темір» қашықтықтағы «TEMIRADAМ» Кубогінің финалы өтті.  55 спортшы және 2 команда финалдың жеңімпазы атағы үшін аламан додаға түсті.

Каспийден соққан самал жел, жанға жайлы жылы ауа-райы спортшылардың бар күшін жарысқа сарп етуіне мүмкіндік туғызды. «TEMIRADAМ» Кубогі финалының Ақтауда өткізіліп тұрған алғаш республикалық триатлон жарысы болғандығына қарамастан, сайыс қызыққа толы болды, бәсеке сөреден бастап, мәренің соңғы қадамдарына дейін жеңілдемеді.

Барлық жиналған жанкүйерлердің назары ерлер арасында болған бәсекеге толы сайыста болды. Олар жарыстың басынан бастап, 113 килметрге созылған жолдың аяғына дейін тоқтаусыз сайыс көрсетті.  

Владимир Толикин (Алматы) жүзуді бірінші болып аяқтап, веложарысты бірінші бастап кетті. 1500 метр жолды 21 минут 06 секундта жүзіп өткен ол бірінші транзиттік зонаға өзімен артық 5 минут қоса алып келді. Жүзуді екінші болып «TEMIRADAМ» Кубогі көшбасшыларының бірі астаналық Мұрат Әубәкіров 26 минут 51 секундта аяқтады. Теңіз жағасына үшінші болып тағы бір астаналық спортшы Нариман Тұрлыбеков шықты. Содан соң жарыс көшін бастаған спортшылар үшін келесі кезең - веложарыс басталып кетті.

Владимир Толикин жалпы біріншілікті вело-кезеңде де абсолютті біріншілікті қолдан бермеді,  ол 90 км жолды 2 сағат 23 минут 51 секундта бағындырды. Одан кейін 3 минутқа кешігіп, транзиттік зонада алматылық Алексей Сидоренко жетіп келді. Оның вело-кезеңде көрсеткен уақыты 02 сағат 26 минут 41 секундты құрады. Бұл жерде атап кететін жәйт бар: Алексей Сидоренко вело-кезеңді өтуге айтарлықтай көп күш жұмсады. Ол (Сидоренко) Толикиннен 08 минут 12 секундқа артта қалып келетін. Вело-жарысты үшінші болып тағы бір алматылық спортшы Айдар Мәліков тәмамдады (02 сағат 29 минут 07 секунд).

Міне, енді жүгіру кезеңі басталды. Дәл осы жүгіру кезінде тайсалмас бәсеке орын алды. Бұл бәсекеде Алексей Сидоренко алға озып шығып, ерлер арасындағы абсолютті жеке есепте жеңімпаз атанды. Өзі айтқандай-ақ өзінің он бірінші «жартылай темір» дистанцисын бағындыруға Алексейге 04 сағат 25 минут және 09 секунд уақыт қажет болды.

«Осы жерде, Каспийдің жағалауында осыншама ауқымды триатлон жарысы өткізіліп жатқандығына, кеудем үлкен бір мақтанышқа толып, толқып тұрмын. Ендігіде осы Ақтауда«толық темір» қашықтығында сайыс өтер болса, соған дайындалатын боламын», - дейді Алексей Сидоренко.

Ерлер арасындағы абсолютті жеке есепте екінші нәтижені Айдар Мәліков (04 сағат 13 минут 48 секунд) көрсетті. Абсолютті үштікті Максим Мжельский 04 сағат 42 миут 12 секунд уақытымен тұйықтады. Ал Мұрат Әубәкіров пен Владимир Толикин өз жастық санаттарында үздік атанып, абсолюттік есепте 7 және 12 орынды иеленді.

«TEMIRADAМ» Кубогі финалында 4 қана әйел додаға түсті: Эльфира Дудник (Алматы), Асель Садвокасова (Астана), Айнур Кумарова (Астана) және Татьяна Прилукова (Карагандинская область). Бұлардың әрқайсысы әр түрлі жас санатында жарысты. Асель Садвокасова жүзу және вело кезеңдерде алда келе жатып, жүгіру кезінде Эльфира Дудникке жеңілді. Сөйтіп, оңтүстік астанамыздан келген спортшы Эльфира Дудник 05 сағат 36 минут 14 секунд нәтижесімен әйелдер арасында абсолюттік жеке есепте үздік атанды. Мәреге екінші болып Асель Садвокасова келсе, Айнұр Кумарова үшінші болып келді.

Эстафеталық командалар арасында 04 сағат 41 минут 40 секунд нәтижесімен алматылық  Lion team жеңімпаз атанды.

2018 маусымының ең қызулы сайысы – Ақтаудағы «TEMIRADAМ» Кубогі финалы осылайша өтті. Енді Кубок иегерлері маусым бойы жинаған ұпайларына сәйкес анықталатын болады. Спортшылардың көрсеткен қорытынды уақыттарымен сайтымызда танысуға болады.