Аймақтардың жұмыс нәтижесі - Желтоқсан

28 December 2018

Аяғына жеткен маусымның соңғы айы ерекше жаңалықтарға толы болды. Аймықтық федерациялар спортымыздың дамуы жолында көптеген істер атқарып жатты. Мәселен, 1-2 желтоқсанда жылдың үздік федерациясы Almaty Triathlon Federation жабық жайда триатлоннан қала біріншілігін өткізді. Чемпионаттың бірінші күні 30 Elite санатындағы спортшылар қатысса, екінші жарыс күні 50 Age Group санатындағы спортшы бақ сынасты.

 14 желтоқсанда Almaty Triathlon Federation «CHAMP1ON» жекеменшік қорымен бірлесе отырып балалар триатлонынан екінші қала чемпионатын - «MY WIN» TRIATHLON өткізді. Іс-шараға 125 SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері, №10 мен №17 интернат мектептерінің оқушылары қатысты. Сонымен қатар, Алматы қаласының сөйлеу қабілеті өте нашар балаларға арналған №9 арнайы (түзету) мектеп-интернаттың 24 жас спортшылары да жарысқа қатысып, өзге балалармен қатар додаға түсті. Жарыс аяқталған соң, барлық қатысушы балаларға арнайы медальдар мен «MY WIN» жобасының атынан спорт велосипедтері табысталды. Ал өз жас топтарында жеңіске жеткен жеткіншектерге жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдама сыйланды.

Осы күні алматылық федерация тілшілер мен блогерлер арасында жарияланған «Қазақстандағы циклдік спорт түрлері» атты ашық конкурсының қорытындыларын жариялады. Бәйге жарияланған тамыз айынан бері 54 тілші жұмыстары қабылданып, үздік жұмыс авторлары лайықты сыйлықтарын алды.

Ашық оқыту курстарын өткізу жолындағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Almaty Triathlon Federation 23 желтоқсанда әуесқой спортшыларға арналған «Триатлондағы жүзу техникасы» атты шеберлік сағаттарын өткізді. Тәжірибелік сабақтарды алматылық федерация бапкері Максим Черный мен “Fidelity” спорт клубтары желісінің жетекшісі Евгений Азарьев жүргізді. Аталмыш дәрістерді 15 әуесқой спортшы тыңдап шықты. Дәл осындай курсты 12 желтоқсанда жылдың қарқынды дамып келе жатқан федерациясы – Астана қаласының триатлон Федерациясы Барыс-Аренада өткізген болатын. Ашық жаттығу сабағын федерация бапкері Сергей Майер жүргізді. Бағасыз ақыл-кеңестер алған спортшылар өздері үшін көптеген жаңа әрі пайдалы дүние үйренгендерін айтты.

Желтоқсан қазақстандық триатлон үшін осындай жаңалықтарымен есте қалды. Ендігі елдің бүкіл спорт қауымы айтулы жаңалықтарға толы болмақ 2019 жылдың жаңа маусымын күтуде.

 


Сайыстар күнтізбесі