2019 жылға арналған ITU сайыстар күнтізбесіне шолу

24 January 2019

2019 жыл әлемнің бес құрлығында орналасқан елдер мен қалаларда болғалы отырған қызықты да бәсекеге толы жарыстарға бай болмақ. Барша триатлонға қызығатын қауым білетіндей, Халықаралық Триатлон Одағының (бұдан былай - ITU) бүкіл жарыстары бірнеше деңгейлерге бөлінеді: жеке есепте және аралас эстафетадағы Әлемдік серия (World Triathlon Series), Әлем кубогі (World Cup), Паратриатлоннан әлемдік серия (World Paratriathlon Series), Паратриатлоннан әлем кубогі (Paratriathlon World Cup), Құрлықтық чемпионаттар (Continental Championships), Құрлықтық кубоктер (Continental Cups) және Мультиспорт фестивалі (Multisport Events). 2019 жылға арналған ITU сайыстарының күнтізбесіне қысқа шолуды назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл жылы ITU-дың әлемнің 67 елін қамтитын 159 спорттық іс-шаралары өтеді деп күтіліп отыр. Соның ішінде, америка құрлығында 37, Африкада 22, Азияда 32, Еуропада 59, мұхиттық елдерде 9 жарыс өткізілмек.

Әлемдік серияның (World Triathlon Series) 11-ші маусымы 8 кезеңнен құралатын болады. Оның біріншісі 8-9 наурызда Абу Дабиде (БАӘ) басталады. Әрі қарай 27-28 сәуірде 2017 жылғы әлем чемпионы Флора Даффидің туған елі Бермуд аралдарына жанкүйерлер назары ауатын болады. Әлемдік серияның үшінші кезеңі 18-19 мамырда күншығыс елінің Йокагама қаласының әйгілі трассасында орын алады. Төртінші кезеңді 8-9 маусымда екі дүркін олимпиада чемпионы Алистер Браунлидің туған жері - британдық Лидс қаласы қабылдайтын болады. Содан кейін 28-29 маусымда ең мықты спортшылар Канаданың Монреаль қаласында сайысатын болады. Әлемдік серия аясындағы алтыншы сайысты 6-7 шілдеде немістің Гамбург қаласының тұрғындары тамашалай алады. Финал алды сайысты 20-21 шілдеде канадалықтар өздерінің Эдмонтон қаласында өткізетін болады. Жылдың бас оқиғасы – 2019 жылғы әлемдік серияның ақтық сайысы (ITU World Triathlon Grand Final) әлемдік олимпиада астанасы Лозаннада (Швейцария) болмақ. 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында спорттық мәдентиеті кеңінен дамыған  қалалардың бірі Лозаннада жаһанның түпкір-түпкірінен келген жүздеген спортшылар өзара бақ сынасып, ең мықтыларды анықтайтын болады.

Паратриатлоннан әлемдік серия (World Paratriathlon Series) бұл жылы үш кезеңнен тұратын болады: 27 сәуірде Миланда (Италия), 18-19 мамырда Йокогамада және де соңғы кезең 28 маусымда Монреальде болмақ.

Биыл триатлоннан Әлем кубогі (World Cup) аясында 18 сайыс өткізілмек. Олардың біріншісі 9-10 ақпанда оңтүстік африкалық Кейптаунда орын алмақ. Ал соңғы кезеңді Доминиканың Санто-Доминго қаласы қабылдайды. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт бар: 15-16 маусымда астаналық Триатлон паркте дәстүрлі болып үлгерген “ITU World Cup Astana” атты әлем кубогінің кезеңі болады.

Паратриатлоннан әлем кубогі (Paratriathlon World Cup) 2019 жылда 7 кезеңнен тұратын болады. Олар наурыз айынан бастап, қазан айына дейін ай сайын бір жарыстан өтетін болады. «Шексіз мүмкіндігі бар» триатлеттер Девенпорт (Аустралия), Бизансон (Франция), Мейгог (Канада), Токио (Жапония), Баньолес (Испания), Аланья (Түркия) және Фуншал (Португалия) сынды қалаларда бас қоспақ.

Сонымен қатар, әлем бойынша 21 құрлықтық біріншіліктер (Continental Championships) мен 65 құрлықтық кубоктер (Continental Cups) ұйымдастырылатын болады. Қазақстандық триатлон тарихында алғаш рет бір жылда үш құрлықтық Азия кубоктері - Шымкентте 25-26 мамырда, 3-4 тамызда Алматыда және 21-22 қыркүйекте Ақтауда болатынын ерекше атап өткіміз келеді.

Кезекті үшінші Мультиспорт фестивалі (Multisport Events) 24 сәуірден 5 мамырға дейін испандық Понтеведра қаласында болмақ. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі триатлеттер мен паратриатлеттер акватлон, кросс-триатлон, дуатлон, ұзын қашықтықтағы триатлон және аквабайк секілді спорт түрлерінде сайысатын болды.

Ал біз өз кезегінде Age Group санатындағы спортшыларды барлық сайыстарымызда, әсіресе Астанадағы Әлем кубогінде және де Шымкент, Алматы және Ақтау қалаларындағы Азия кубогінде асыға күтетін боламыз. Әрбіріңіздің әлемнің даңқты спортшылары жарысқан трассаларды байқап көруге мүмкіндіктеріңіз болады. Жаңалықтардан тыс қалмаңыз, триатлонмен айналысыңыз.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi