Ақтаудағы «дауылды» триатлон

22 September 2019

Бүгін қарт Каспийдің жағасында Қазақстандық Триатлон Федерациясының осы маусымдағы соңғы сайысы өтті. Қазақстандық кәсіпқойлар маусымды ҚР Чемпионатымен жапса, әуесқойлар «TEMIRADAM» Кубогінің финалымен тәмамдады. Еліміздің түрлі аймақтарымен қоса жақын шетелден келген 80 астам спортшы «жартылай темір» деп аталып кеткен «орта» триатлон қашықтығында бақ сынады.

Бұл жылы ақмаржан Ақтау ақтық мәре қатысушыларын күншуақты ауа-рауымен қуанта қоймады. Жылдамдығы 40 км/сағ. дейін жеткен солтүстіктен соққан қатты жел, теңіздегі дауыл, 13°С дейін түскен салқын ауа температурасы мен велокезеңде жауған нөсер сайыскерлердің жоспарларын өзгертпей қоймады. Спортшылардың қауіпсіздігі мақсатында төрешілер жүзу кезеңінің болмайтынын жариялады. Қажетті 1900 м жүзу кезеңінің орнына спортшылар 2625 м қашықтыққа жүгірді. Одан кейін 90 км велокезең мен 21,1 км жүгіруді бағындырды. Мұндай «дауылды» триатлонды бағындыруға барлық сайыскерлердің тәжірибесі мен шеберлігі жете қоймады. Әйтсе де көпшілігі мәре сызығын сәтті кесті.

Elite санатында (ксәіпқойлар) мәреге бірінші болып қлттық құрама мүшесі шымкенттік Александр Автушко жетті. Ол 4 сағат 12 минут 00 секундта сайысты аяқтап, «орта» қашықтықтағы ел чемпионы атанды.

Age Group санатында (әуесқойлар) ерлер арасындағы абсолюттік есепте мәскеулік Алексей Куцев жеңімпаз атанды. Ол бүкіл қашықтықты 4 сағат 18 минут және 45 секундта бағындырды. Ал әйелдер арасында алматылық Эльфира Дудник биыл қатарынан екінші рет ақтық сайыстың жеңімпазы атанды. Онық нәтижесі – 5 сағат 21 минут 28 секунд.

Эстафеталық командалар арасында құрамында Сеитов Алмас, Салтанат Қазыбаева и Алексей Сидоренколар болған алматылық «3ArtTeam» командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Команданың қорытындысы 4 сағат 45 минут 04 секундты құрады.

«Қазақстандық Кона» атанып кеткен 2019 жылғы маусымның есте қаларлық сайыстарының бірі осылайша есте қалды. Әрі қарай өткен маусымдағы жинаған рейтингтік ұпайларына сәйкес «TEMIRADAM» Кубогі иегерлері анықталатын болады. Барлық спортшылар көрсеткен нәтижелерімен www.triathlon.org.kz сайтында  танысуға болады.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi