QR TRIATLON TARIHY

2021 жылдың қыркүйегінде әлемдік триатлон 47-жылдығын тойлайды. World Triathlon ақпаратына сай алғашқы ресми триатлон сайысы Калифорниядағы Сан-Диегода 24 қыркүйек 1974 жылы тіркелген. Триатлон San Diego Track Club клубының іс-шарасы түрінде туындаған. Mission Bay шығанағында 9,65 кмлометрлік жүгіру, 8,04 килметрлік веложарыс пен 457 метрлік жүзуден құралған үлкен дода болған. Бұл жарыста бар жоғы 46 спортшы мәреге жеткен.

Бұл уақыт аралығында триатлон Олимпиада ойындары, Ironman, тағы сол сияқты әлем бойынша көптеген үлкен сайыстардың жүйесін құрып үлгерді. Триатлон әлемдегі ең тез дамып келе жатқан спорт түріне айналды: түрлі қашықтық, спортқа деген ынта, жеңіске деген құштарлық, БАҚ назары және әр сайыскердің өзімен күресі триатлонды барлық қырынан үйлесімді спорт түрі ретінде танытты.

1989 жылы 1 сәуірде Авиньондегі (Франция) бірінші Конгрессте Халықаралық триатлон одағы құрылды. Бірінші Конгресске бар жоғы 30 ұлттық федерация қатысқан. Мұнда алағаш рет әлем чемпионатына дайындық басталды. Осы Конгрессте алғаш рет стандартты (олимпиадалық) қашықтықтың ұзындығы – 1500 м жүзу, 40 км веложарыс, 10 км жүгіру болып бекітілді. Лес Макдональд ұйымның бірінші президенті болып сайланды. Бірінші әлем чемпионатына 40 елден келген 800 астам спортшы қатысты. Бүінде World Triathlon құрамына әлемнің 177 аккредиттелген федерациялары кіреді. Олардың арасында Қазақстан да бар.

Қазақстанда триатлон жайында алғаш рет 1992 жылы белгілі бола бастады. Бұл кезде бессайыс спортшылары дисциплина ауыстырып, өзге спорт түрінде бақ сынап көре бастаған болатын. 20 жылдан астам уақытта триатлонның дамуы мен насихатталуы тек екі аймақта - Ақмола облысы және Шымкент қаласында ғана тұйықталып қалды. Халықаралық сайыстарда ұлттық құрама қатарында тек осы екі аймақтың спортшылары ғана сайысқа түсіп жүрді. Себебі, өзге облыстарда триатлон тіпті бастау да алмаған болатын.

Қазақстандық триатлонның қалыптасу жолында Ақмола триатлон мектебінің тәлімгері – Дмитрий Гаагтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Дмитрий Гааг – Қазақстан туының астында сынға түскен бірінші әрі жалғыз әлем чемпионы (1999 ж.). Ол Сидней (2000 ж., 4-орын) және Афинадағы (2004 ж., 25-орын) Олимпиада ойындарына қатысқан. Сиднейдегі Олимпиадада Қазақстан намысын тек қана Гааг қорғаған жоқ. Бұнда Шымкент триатлон мектебінің тәлімгері Михаил Кузнецов та сынға түскен болатын. Қазақстандық триатлонның қалыптасуына Дмитрий Смурнов, Даниил Сапунов, Павел Артюшенко және Екатерина Шатная сынды спортшылар өз үлесін қосты.

Қазақстандық Триатлон Федерациясының басшылығына 2016 жылы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтың келуімен триатлон бүкіл Қазақстан жеріне кеңінен тарала бастады. Кәрім Мәсімовтың басшылығымен қазақстандық триатлон жоспарлы әрі кешенді даму жолынан өтті. Мәселен, ұйымның нормативтік-құқықтық негізі жетілдірілді, федерация жұмысын реттейтін профильдік комитеттер құрылды, World Triathlon, Asia Triathlon, Ironman (WTC) сынды халықаралық триатлон ұйымдарымен достық қарым-қатынас орнатылды, республиканың он аймақтарында аккредиттелген федерациялар мен балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектептерінде триатлон бөлімшелері ашылды. Сонымен қатар, бұқаралық әуесқойлар триатлонының дамуына үлкен серпіліс берген «TEMIRADAM» Кубогы ашылды. ҚТФ өкілдері Asia Triathlon ұйымының және жаңадан құрылған Орта Азиялық Триатлон Ассоциациясының түрлі комитеттері мен Атқарушы кеңесіне дауыс құқығы бар мүше ретінде сайланды. Орта Азиялық Триатлон Ассоциациясының құрамына Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан және Қазақстан секілді бес мемлекет енді.

Қазақстандық Триатлон Федерациясы World Triathlon, Asia Triathlon, Ironman бастамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында түрлі халықаралық додалар өткізілді. Сонымен қатар, еліміздің барлық дерлік аймақтарында республикалық деңгейдегі додалар өткізілді.

Халықаралық аренаға көк байрақты қорғауға жаңа есімдер шықты: Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы) Палембангта өткен Азия ойындарында күміс жүлде алды, Арина Шульгина (Қостанай облысы) Кенджуда 2018 жылы өткен Азия чемпионатында қола жүлде иеленді. Осы құрлықтық біріншілікте Дарын Қонысбаев (Нұр-Сұлтан) U23 санатындағы спортшылар арасында алтын алса, Мейрлан Искаков (Ақмола облысы) «қола», алматылық спортшы Александр Тен U15 санатында алтын жүлдені жеңіп алды. 2021 жылғы жапондық Хатцуакичи қаласында өткен Азия чемпионатында COVID-19 байланысты бекітілген қатаң шаралар жағдайында қазақстандық спортшылар үздік ондықтың қатарынан көрінді.

2020 жылғы World Triathlon National Federations’ Survey құжатына сәйкес Қазақстандық Триатлон Федерациясы спорттың дамуы бойынша Азияда төртінші орында тұрғаны белгілі. Елдің көк байрағы мен қазақстандық спортшылардың есімдерін әлемдік триатлон қауымы танитын болды. Біздің тарихымыз жаңа есімдермен жаңа деңгейде жалғасып келеді.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi