Алматыда триатлоннан Әлем Кубогінің кезеңі мәресіне жетті

4 August 2018

Бүгін Қазақстан Республикасының оңтүстік астанасында «Almaty Asian Cup 2018» атты триатлоннан Әлем Кубогінің кезеңі мәресіне жетті. Бұл сайыс жергілікті триатлон федерациясы ұйымдастырған, Алматыда алғаш рет Азия Триатлон Конфедерациясының ASTC бақылауымен өткізілген сайыс болды. Жарыс Сайран көлінде өтті. Онда әлемнің 16 елінен келген спортшы қатысты. Халықаралық жарыстың ойдағыдай өтуіне бас серіктестер мен қала әкімдігі үлес қосты. Алматы қаласының әкімі барлық сайыскерлерге сәлем жолдап, жарыстың ресми бастауын берді.

Сайысты дәстүрге сай таңертең Elite санатындағы әйелдер бастады. Жарысқа барлығы 16 әйел спортшы, соның ішінде 6 қазақстандық қатысты. Жүзу кезеңінен кейін көш бастаған спортшы қыздар бірден көзге түсті. Су жағасына бірінші болып жүзіп келген жапондық Ниина Кишимото болды. Ал екінші болып судан украиндық Маргарита Крылова шықты. Судан үшінші болып шыққан тағы бір жапондық спортшы қыз Хираку Фукуока - Кубок қатысушыларының арасында ең жоғары әлемдік рейтингі бар фавориттердің бірі еді. Қазақстандық спортшы қыздардың ішінен судан бірінші болып Ғазиза Кумакбаева шықты. Ол көш бастаған спортшыға 18 секунд қана жеңіліп шықты. Бұл спортшылар арасында бәсекенің жоғары болғандығын көрсетті.

Әрі қарай спортшылар велокезеңді бастап кетті. 20 км жолды 30 минут 16 секундта бағындырған Хираку Фукуока транзиттік зонаға бірінші болып келді. Фукуоканың ізін суытпай-ақ оның жерлесі Ниина Кишимото мен корейлік спортшы Джи Ен Ким қуып жетті. Біздің отандастарымыздың арасында велокезеңді бірінші болып Арина Шульгина аяқтады. Ол жүзу кезеңін сегізінші орында бітіріп, веложарыс кезінде төртінші орынға дейін көтеріліп, қарсыластарын қуып жетіп алды.

Ақырғы жүгіру кезеңі спортшылар үшін қиындыққа толы болды: олар секундтар үшін таласып, бір-бірінің өкшесін басардай жарысты. Жүгіру кезеңінің үздік уақытын қазақстандық Арина Шульгина көрсетті. Ол 5 км жолды 18 минут 36 секундта жүгіріп өтсе, оның артынша күншығыс елінің спортшылары келді. Әйтсе де, спортшы қызымыз Арина Шульгина сайыс басындағы қалып қойған уақытын қысқартып, үздік үштіктің қатарына кіре алмады.  

Бүгінгі Азия Кубогіндегі Elite санатындағы спортшы әйелдер арасында бірінші және екінші жүлделі орындарға Жапонияның намысын қорғаған спортшы қыздар лайық болып шықты. 01 сағат 38 секунд уақыт көрсеткен Ниина Кишимото және одан 3 секундқа ұтылған Хираку Фукуока бірінші-екінші жүлделі орындарға жайғасты. Жапондықтарға небары 1 минут ұтылған оңтүстік корейлік спортшы Джи Ен Ким қола жүлдені иеленді. Осылайша, қазақстандық Арина Шульгина Азия құрлығындағы көне триатлон мектептерінің өкілдеріне ғана жол беріп, төртінші орыннан көрінді.

Сонымен қатар, өзге де қазақстандықтар үздік ондықтың арасынан көрінді: тоғызыншы орынды көптеген жергілікті жарыстардың жүлдегері болған Надежда Бекмағанбетова 01 сағат 07 минут 10 секунд нәтижесімен алса, көптеген жергілікті чемпионаттардың жеңімпазы Ашраф Камалова 01 сағат 07 минут 49 секунд уақытымен оныншы орынға жайғасты. Жүзу кезеңінде көш бастаушы топтан көрінген Ғазиза Кумакбаева 01 сағат 10 минут 27 секунд нәтижесімен 14-ші орыннан көрінді. Яна Морозова жеңімпазға шамамен 20 минуттай ұтылып ресми хаттаманың соңғы орнына жайғасты.

Оңтүстік астанамыздың ауа райы спортшы қыздардың қашықтықты ойдағыдай бағындыруына жол ашқан болса, Elite санатындағы ер сайыскерлерге біршама қиындықтар туғызды – ауа температурасы көтеріліп, термометрлер бағамы 34°С ыстықты көрсетіп тұрды. Мұндай аптап ыстыққа қарамастан, барлық дерлік спортшылар мәре сызығына ойдағыдай жетті.

Сайыс басталар басталмастан қатаң бәсекенің ұшқыны сезілді, жанкүйерлер спортшылар арасында шиеленісті сайыс боларын күтуде болды. Сайысқа түскен топта қатты артта қалып шаң жұтқандар болмады, барлық дерлік спортшылар судан 9,5 минут дегенде жүзіп шығып, бір бірінен секундтарға ғана қалып келді.

Велокезеңде ерлер арасында бүкіл жарысқа белгілі бір сарын берген бір топ спортшы алға озып шықты. Бұл топтың ішінде триатлоннан ұлттық команда мүшелері Мейірлан Ысқақов пен Темірлан Теміровтер де болды. Және тағы да ақырғы жүгіру кезеңі құрлықтық кубоктің құрмет төріне көтерілуге лайықты спортшыларын анықтап берді.

Сонымен, бүгінгі Алматыдағы спринтерлік қашықтықты 35 Elite санатындағы ерлер бағындырды. Олардың арасында Гонконгтың атынан додаға түскен Оскар Коггинс 54 минут 43 секунд нәтижесімен алтынды алды. Коггинске 7 секунд ұтылған украиндық Иван Иванов күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті 55 минутта мәреге жеткен тағы да бір гонконгтың спортшысы Джейсон Тай Лонг тұйықтады. Қазақстандықтардан 56 минут 19 секунд және 56 минут 31 секунд нәтиже көрсеткен Мейірлан Ысқақов пен Темірлан Теміров 9-шы және 10-шы орындардан көрініп, үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Жақында ғана Чолпон-Атада өткен Азия Кубогінде жеңімпаз болған Аян Бейсенбаев бұл жолы мәреге 57 минут 30 секундта жетіп, 17-ші орыннан көрінді. Әлі де Орталық Азияның жасөспірімдер арасындағы чемпионы болып отырған Дарын Қонысбаев қашықтықты 58 минут 29 секундта бағындырып, Аян Бейсенбаевтан кейінгі 18-ші орынға жайғасты. Сайыста 01 сағат 02 минутта жүгіріп шыққан Александр Автушко мен Сабыржан Қосақтар болса, жарысты 29 бен 30 орында аяқтады.

Жалпы, Алматыдағы бүгінгі құрлықтық сайыс қажетті жоғары деңгейде өтіп, халықаралық делегаттардың жоғары бағасын алды. 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi