Павлодарда триатлоннан ҚР Кубогі финалы өтті

24 August 2019

Бүгін Павлодарда бірінші сайыс күні мәресіне жетті. Elitе санатындағы спортшылар арасында Гундерсен жүйесі бойынша «супер-спринт» және «стандарт» қашықтықтарында триатлоннан Қазақстан Республикасы Кубогінің финалы өткізілді. Алматы мен Шымкент қалаларынан, сонымен бірге Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 28 кәсіби спортшы сынға түсті.

Таңертеңнен Павлодарда қызықты сайыс күнінің өтуіне жол ашқан қолайлы ауа райы болды. Термометрлер 24°С нөлден жоғары көрсетсе, су температурасы 20°С деңгейінде болды.

Бірінші болып сайысқа Гундерсен жүйесі бойынша «супер-спринт» қашықтығында (300 м жүзу, 8 км вело және 2 км жүгіру) Elitе санатындағы спортшылар шықты. Бұл санатта 11 ер және 11 қыз балалар додаға түсті.

Ер балалардың көшін бастаған спортшы жүзу кезеңінен кейін-ақ анықталып үлгерді. Сайыстың көшін бастап, мәреге бірінші жеткен Рашид Романчук болды. Екінші Мұрат Жәкен болса, үштікті Владислав Иванов тұйықтады. Бұл спортшылардың барлығы да Ақмола облыстық триатлон мектебінің өкілдері екенін айта кеткен жөн.

Қыздар арасында жүзу кезеңін бірінші болып Наталья Короткеова (Ақмола облысы) аяқтады. Ол жүзуде 5 минут 37 секунд уақыт көрсетті. Әйтсе де Короткова өз орнын мәреге дейін ұстап тұра алмады да төртінші болды. Жүзуден соң үшінші болған Ашраф Камалова (Ақмола облысы) соңғы жүгіру кезеңінен кейін шеберлік танытып, мәреге бірінші келді. Екінші орында алматылық Юлия Озерова болса, тағы бір көкшетаулық қыз Надежда Бекмағанбетова үшінші болды.

Гундерсен жүйесі бойынша «супер-спринт» қашықтығында триатлоннан ҚР Кубогі фминалының бірінші кезеңі осылай аяқталды. Ертең екінші кезеңнен соң сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталатын болады.

Бүгінгі екінші сайыс «стандартты» қашықтықта (1500 м жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіру) сынға түскен Elite санатындағы спортшылар арасында болды. Бұл додада ерекше бәсеке білінді: сайыс үздіктері тек веложарыстың екінші кезеңінен кейін ғана анықталды. Бірінші орынға талас Александр Автушко (Шымкент), Ануар Тұрыбаев (Алматы) және Дэнис Туницкий (Ақмола облысы) арасында орын алды. Жүгіру кезеңінің екінші айналымына дейін көшті бастаған Александр Автушко өз позициясын сақтайалмай, мәреге үшінші жетті. Оның уақыты – 2 сағат 5 минут және 37 секунд. Одан 8 секундқа озып шыққан Дэнис Туницкий екінші атанды. Осы финалдың «алтын» кубогі оңтүстік астанамыздан келген Ануар Тұрыбаевқа табысталды. Ол мәреге 2 сағат 2 минут 38 секундта жетті.

Бұл бірінші сайыс күні осындай қызықты спорттық күреске толы сәттерімен есте қалды. Ертең Гундерсен жүйесі «супер-спринт» қашықтығындағы ҚР Кубогі финалының екінші кезеңін және ҚР Чемпионаты аясында сайысатын әуесқой спортшылар додасын тамашалайтын боламыз.