Аймақтардың жұмыс нәтижесі – Қыркүйек

2 October 2018

Өткен қыркүйек айы қазақстандық триатлон жанкүйерлері үшін қызықты және жарқын жаңалықтарға толы ай болды. Бірден екі аймақ алғаш рет республикалық ауқымдағы триатлон жарыстарын ұйымдастырды.

8-9 қыркүйекте Қарағандыда екі күндік триатлон жарыстары өткізілді. Бірінші күні Elite санатындағы спортшылар ҚР Кубогі ІІІ кезеңі аясында «стандартты» қашықтықта сынға түсті. Ал екінші күні дәл осы қашықтықта Age Group санатындағы әуесқой спортшылар «TEMIRADAM» Кубогінің IV кезеңі аясында бақ сынады. Жалпы алғанда Қарағандыдағы екі күндік жарыста Астана, Бішкек, Алматы және Алматы облысы, сонымен қатар, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстарынан келген 96 спортшы «аламан додада»  сынға түсті.

Барлық техникалық делегаттар мен жарыс төрешілері Қарағандыдағы жарыстардың ұйымдастыру мен өткізілу деңгейіне жоғары баға берді.

22-23 қыркүйек күндері Каспий жағасында орналасқан ақмаржан қала -Ақтаудың біздің жарыс күнтізбеміздегі тұсаукесері өтті. Мұнда «TEMIRADAM» және ҚР Кубоктерінің ақтық сайыстары орын алды.

Қаланың 55-жылдық мерейтойы мен дәстүрлі «Халық ойындарын» тойлау күндерімен сәйкес келген финалдың ойдағыдай өтуіне жергілікті халық пен билік ерекше қолдау көрсеткенін ерекше атап өткен жөн.

Ақтаудағы жарыстың бірінші күні Elite санатындағы спортшылар қатысқан ҚР Кубогі финалының жеңімпаздары анықталса, екінші күні Age Group санатындағы триатлеттер «жартылай темір» дистанциясын бағындырып, «TEMIRADAM» Кубогі иегері атағына таласты. Нәтижесінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген 81 спортшы өз күштері мен төзімділігін ғана емес, Каспий жағасындағы жаңа трассаны да сынап көрді.

Кәсіби және әуесқой спортшылармен қатар, Ақтаудағы трассаны балалар да, ару қыздар да сынап көру мүмкінідігін алды. 5 жастан 17 жасқа дейінгі жас спортшылар «TEMIR BALA» сайсына қатысып, 18 жастан асқан арулар  «TEMIR ARU» әйелдер мен қыздар жарысында жүгіруден жарысты.

Ақтаудағы барлық қатысушылар мен жанкүйерлер жарыстардың ұйымдастырылу және өткізілу деңгейіне жоғары бағасын беріп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Біз болсақ, өткізілген жарыстар Қарағанды болмасын, Ақтау болмасын – қос қаладағы үлкен кәсіби және әуесқой триатлонның бастауы ғана деген үміттеміз. Өз кезегінде бірнеше маусым өткен соң, бұл қалаларда ауқымды триатлон сайыстарының өткізілуі дәстүрге айналатындығына кәміл сенеміз.