2018 жыл отандық триатлон шеберлері үшін несімен есте қалды?
Елімізде триатлон маусымы мәресіне жетіп, өткен жылды қорытындылайтын уақыт келді. Өткен маусым отандық триатлон үшін ең маңызды маусым деп атауға тұрарлық болды. Еліміздің бірнеше аймағы республикалық және халықаралық ауқымдағы жарыстарды ұйымдастырып, үлкен сынақтардан сүрінбей өтті. Мәселен, 19-20 мамырда астанамызда тұңғыш рет «ITU World Cup Astana» атты триатлоннан әлем кубогінің кезеңі өтті. Бұл сайыстың бірінші күні әлемнің 36 елінен келген Elite санатындағы 130-дан астам кәсіпқой спортшылар бақ сынасса, екінші күні Age Group санатындағы 187 әуесқой спортшы сайысты.
Ал тамызда оңтүстік астанамыз Алматы алғаш рет «Almaty Asian Cup» атты триатлоннан Азия кубогін өткізді. Бірінші жарыс күні 16 елден келген Elite санатындағы спортшылар «спринтерлік» қашықтықта сынға түссе, екінші күні еліміздің тоғыз аймағынан және де алыс-жақын шет елден келген 159 әуесқой спортшы өз күштерін «стандартты» қашықтықта байқап көрді.
Жарыстардың ішіндегі ең көрнекісі ретінде ТМД елдерінде алғаш рет өткен Ironman 70.3 Astana сайысын атауға болады. Әлемнің 44 елінен келген 932 спортшы Астананың Триатлон саябағында «жартылай темір» қашықтықта бақ сынады.
Қазақстандық триатлонның орталығы атағына әбден лайық болған астанамыз маусым басында алғаш рет қысқы триатлоннан қала біріншілігін өткізуімен есте қалды. Спортшылар еліміз үшін тың жаңа форматта: жүгіріп, велосипед пен шаңғымен жарысып күш сынасты. Сонымен қатар, триатлоннан жарыстар Тараз, Қостанай, Павлодар, Қарағанды мен Ақтау қалаларында бірінші рет өткізілді.
Age Group санатындағы спортшыларға арналған «TEMIRADAM» Кубогі триатлоннан жарыстар сериясының қалыптасып, баршаның назарына ұсынылуын ерекше атап өтуге болады. Аталмыш Кубок аясында әуесқойлар триатлоны жаңа даму сатысына өтті: әуесқой спортшылардың саны ұлғайды, аймақтарда триатлоннан жаңа мектептер мен үйірмелер ашылды. Әрбір дерлік өткізілген сайыста әуесқой спортшылар кәсіби спортшылар жарысқан жолда жарысуға мүмкіндік алды.
Бұл маусымда балалар триатлонын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «TEMIR BALА» балалар триатлонын дамыту бағдарламасының қалыптасып, жолға қойылуы тірнектеп атқарған еңбектің нәтижесі болды. Триатлонды әйелдер арасында насихаттау мақсатында «TEMIR ARU» атауымен әйелдер жарысы бастау алды.
Маусым нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Ақтау қалаларында 13 триатлон сайыстары өткізілді. Жарыстардың кең ауқымда және де халықаралық техникалық делегаттар атап өткендей, өткізілген іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі еліміздегі триатлонның дамуы мен салауатты өмір салтының кеңінен насихатталуына үлкен себеп болды.
Триатлонның көпшілікке кеңінен таралуына ұлттық құрама команда мүшелерінің халықаралық аренадағы жетістіктері де себеп болды. Аян Бейсенбаевтың Палембангтағы Азия Ойындарында күміс жүлдегер атануы жыл жаңалығына айналды. Сонымен қатар, Ақмола триатлон мектебінің түлегі Иорданиядағы Азия кубогінде 3 орынды иеленсе, Шолпан-Атада өткен Орталық Азия Чемпионатында 1 орынды жеңіп алды.
Шолпан-Атада ITU және ASTC бастамасымен өткен Орталық Азия Чемпионатында қазақстандық триатлеттердің бағы жанған халықаралық жарыс болды. Қырғыз еліне келген 10 ұлттық құрама мүшелерінен алтауы жүлдемен оралды. Elite санатындағы ерлер арасында Аян Бейсенбаев, Мейрлан Искаков пен Семен Пивоваров үздік үштіктен көрінді. Ал Elite санатындағы әйелдер арасында Анастасия Автушко өз бәсекелестерін артта қалдырды. Мұнда Дарын Қонысбаев жасөспірімдер арасында бірінші болды. Ал бірінші орын алған Арина Шульгина Шолпан-Атада өткен құрлықтық Азия кубогінің абсолютті көшбасшысы атанды. Сонымен қатар, Арина Шульгина Азия кубогінің Оңтүстік Корея мен Тайландта өткен кезеңдерінде де жеңімпаз атанған болатын.
Ұлттық құрама команда мүшелері қатысқан басқа халықаралық жарыстардың ішінде Буэнос Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасын ерекше атап өтуге болады. Жасөспірімдер құрамасының мүшесі Шымкент қаласының тумасы Даниил Зубцов осы жарыста ел намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетті.
Еліміздің аймақтарында триатлонды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағдарламасы аясында жаңа Павлодар және Жамбыл облыстық триатлон федерациялары өз жұмысын бастады. Аталған бағдарлама аясында өзге де аймақтық федерациялар да белсенді де қарқынды жұмыс атқаруда. Олардың ішінде Астана және Алматы қалалық триатлон федерациялары ерекше көзге түседі.
Жалпылай келе, өткен маусымды еліміздің триатлондағы үлкен әлеуетінің ашылуының маусымы деп атауға әбден болады.