Нұр-Сұлтанда триатлоннан Азия чемпионаты өтеді

4 May 2021

2021 жылдың 3-5 қыркүйегінде Орта Азияда алғаш рет астаналық Триатлон паркте триатлоннан Азия чемпионаты өтеді. Құрлықтық біріншілік 2021 жылғы триатлон маусымының басты додасы болмақ.

Чемпионатта U19 (19 жасқа дейінгі), U23 (23 жасқа дейінгі) санатындағы спортшылар және Mixed Relay (эстафеталық командалар) қатыспақ. Он тоғыз жасқа дейінгі спортшылар 750 м жүзу, 20 км веложарыс пен 5 км жүгіруден тұратын спринтерлік қашықтықтағы Азия чемпионын анықтайтын болады. U23 санатындағы спортшылар одан екі есе ұзын олимпиадалық қашықтықтағы құрлық чемпионы атағы үшін сынға түседі. Құрамына екі екіден ер және әйелдер кіретін эстафеталық командалар 250 м жүзу, 6,6 км веложарыс пен 1,6 км жүгіруден құралатын қашықтықты тоқтаусыз бағындыратын болады.

«Астанамызда құрлықтық чемпионатты өткізу құқығына ие болдық. Федерация басшысы Алдияр Қазтаевқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Спортшыларымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік – олар өз елінде жаттығып, додаға түсе алады. Елдегі біріншілікте жүлделі орындарға ие болу үшін қолдан келгенді жасауға тырысамыз», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Усипбеков.

Чемпионаттағы жеке есепте Азия елдерінен келген 130 спортшы (65 ер және 65 әйел) қатысады деп күтілуде. Сайыскерлер әлемдік рейтингтің ұпайлары үшін бәсекелесетін болады.

 

 

 

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi