Дарын Қонысбаев пен Семен Пивоваров Гонконгта құрмет төріне көтерілді
Өткен демалыстарда Гонконг әлемнің 24 елінен келген Elite санатындағы 130 спортшыларды өз жерінде қабылдады. Мұнда екі күндік акватлон мен триатлон бойынша жарыстар өтті.
Бірінші күні Elite, Junior, U23 санатындағы 29 атлет қатысқан акватлон бойынша Азия Чемпионаты өткізілді. Спортшылар 2,5 км жүгіру, 1000 м жүзу және тағы 2,5 км жүгіруден құралған қашықтықты бағындырды. Бұл күні бақ сынаған қазақстандық спортшылар аталмыш қашықтықты алғашқылардың бірі болып бағындырып, құрмет төрінен көрінді. Осылайша, Алматы облысының спортшысы Дарын Қонысбаев 34 минут және 25 секунд нәтижесі үшін Junior санатында бірінші орнға ие болса, Elite санатында қола жүлдеге ие болды. Тағы бір қазақстандық спортшы Семен Пивоваров (Шымкент) 34 минут және 52 секунд нәтижесімен U23 санатында үшінші орынға ие болды.
Гонконгтағы екінші күн алдыңғы күндегідей жүлдеге толы болмады. Бұл күні Elite санатындағы спортшылар қатысқан триатлон бойынша құрлықтық Азия Кубогі өткізілді. «Спринтерлік» қашықтықты бағындырған қазақстандық спортшылар арасында үздік нәтиже көрсеткен Семен Пивоваров (Шымкент) болды. Оның нәтижесі 01 сағат 01 минут және 40 секунд, қорытынды хаттамада 16-шы орынға орналасты. Ал Дарын Қонысбаев болса, 01 сағат 03 минут және 43 секунд нәтижесімен 30-шы орында мәреге жетті. 01 сағат 05 минут және 08 секунд уақытымен Александр Автушко (Шымкент) 33-ші орынға орналасты. Шымкенттік тағы бір спортшы Сабыржан Қосақ 40-ші болып мәреге жүгіріп келді.
Бұл санатта бірінші орынды жапондық спортшы Таканори Сагихара (Takanori Sugihara 59 минут және 06 секунд нәтижесі үшін алтын медальді иеленді. Жергілікті атлет Чжон Синг Николас Тцанг (Cheung Sing Nicholas Tsang) 59 минут және 27 секунд уақыты үшін екінші орыннан көрінді. Чи Жанг (Chi Zhang) 59 минут және 31 секунд уақыты үшін үшінші орынды иеленді.
Ал сайысқа қатысқан әйелдер арасында екі қазақстандық спортшыларымыз болды. Арина Шульгина (Астана) 01 сағат 05 минут және 54 секундта мәреге он екінші болып келді. Анастасия Автушко (Шымкент) болса мәреге 37-ші болып жетті.
Венгриялық София Ковакстың (Zsófia Kovács) 01 сағат 02 минут және 52 секунд нәтижесі алтын жүлдеге лайық болды. 01 сағат 03 минут және 18 секунд уақыты үшін Джоан Миллер (Joanne Miller) екінші орыннан көрінді. Қола жүлде даниялық Альберта Кияр Педерсенге (Alberte Kjær Pedersen) 01 сағат 03 минут 18 секунд нәтижесі үшін бұйырды.