Дарын Қонысбаев Швецияда жеке рекордын жаңартты
Швецияның Кальмар қаласында «спринтерлік» қашықтықта студенттер арасында Әлем чемпионаты өтті. Біріншілікке әлемнің 27 елінен келген 76 спортшы қатысты. Олардың ішінде ITU халықаралық рейтингінің үздік 100-дігіне кіретін танымал спортшылар да болды. Аталмыш додада ұлттық құрама мүшесі, Орталық Азия жасөспірімдерінің чемпионы Дарын Қонысбаев Қазақстан атынан сынға түсті. Жарыс нәтижесінде спортшымыз 39-шы орыннан көрінді. Ол «спринтерлік» қашықтықты 54 минут 15 секундта жүріп өтті.
«Студенттер арасындағы Әлем чемпионатына алғаш рет қатысуым. Бапкерлерім Андрей Глущенко мен Мұрат Жүзгінбаевтың бастамасымен, осы жарысқа соңғы айлары үздіксіз дайындалған болатынмын. Веложарыс кезеңіндегі жол жазықтықпен өтті, үлкен жылдамдықта қозғалуға болатын еді. Көрсеткен нәтижеме көңілім толды, осы қашықтықтағы өз рекордымды жаңарттым. Әлі де алар шыңдарым алда деп ойлаймын.», - дейді Дарын Қонысбаев.
Спортшымыз әрі қарай 15 қыркүйекте Аустралияда өтетін Әлем Кубогінде бақ сынайтын болады.