Басты мақсат - Токиодағы 2020 Олимпиада ойындары

23 February 2019

Соңғы уақыттары триатлон спорт түрі ретінде ерекше танымал болып келетіндігі оқырман қауымына мәлім. Қазақстандық триатлонның жанкүйерлердің де, бұл спорт түрімен айналысып келетін әуесқой спортшылардың да, кәсіби триатлет болғысы келетін өскелең ұрпақтың да қатары күн санап көбейіп келеді.

Бәріміз білетіндей, өткен 2018 жылғы маусым қызықты оқиғаларға толы болды. 24 ақпанда басталғалы отырған жаңа маусым болса одан да қызықты болғалы тұр. Маусым ресми басталмастан бұрын Қазақстандық Триатлон Федерациясының Бас хатшысы Крят Максиммен сұхбаттасқан болатынбыз. Бұл сұхбат оқырмандарымызға қызықты болады деген ойдамыз. 

Максим Алексеевич, 2019 жылы ҚТФ алдында қандай нақты мақсаттар тұр?

- Бұл жылы біздің алдымызда бірнеше нақты тапсырмалар тұр. Олардың ең бастысы - ұлттық құрама командамыздың көшін бастаған спортшыларымыздың олимпиадалық квалификациялық рейтингке ілініп, Токиода болатын Олимпиада ойындарына квота жеңіп алу.

Сонымен қатар, жоспарланып отырған барлық бес халықаралық ірі іс-шараларды – Астанада болатын Әлем кубогі және Ironman 70.3, Шымкент, Алматы, Ақтауда болатын үш Азия кубоктерін қажетті жоғары деңгейде өткізу.

Одан бөлек бәріміз аянбай еңбектеніп жүрген мақсатымыз бар, ол – Қазақстанның түпкір-түпкірінде триатлонды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Бұл мақсаттарға жету үшін қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр:

- Ел аймақтарында триатлонды дамытуға қатысты күні кеше десе де болады тағы бір аймақтық триатлон федарциясы – Ақтөбе облыстық триатлон федерциясы ашылғанын қуана хабарлаймын. Бұл федерацияның басшысы ретінде Мирлан Мухамбетов тағайындалды. Осылайша, «триатлон қозғалысы» еліміздің батыс аймақтарын да қамтып үлгерді.

Халықаралық сайыстарды ұйымдастыруға байланысты айтарым – жоспарланған жұмыстар қолға алынды. Мамандарымыз жергілікті федерациялармен және басқару органдарымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуде. Ендігіде жұмыстың аз бөлігі ғана қалды – жоспарланған барлық жұмыстарды бірлесе отырып жоғарғы деңгейде өткізу.

Бұл жылы ұлттық құрама команда құрамында қандай өзгерістер болды? Іріктеу қалай өтті?

- Іріктеу өткен жылы сияқты ұлттық рейтингке сәкес өткізілді. Екі жыл бұрын Қазақстандық Триатлон Федерациясы арнайы іріктеу жүйесін қалыптастырып, Ұлттық құрама командасын құру ережесі атты жеке құжат түрінде бекіткен болатын. Үстіміздегі маусымда негізгі команда құрамына Аян Бейсенбаев, Мейрлан Искаков, Арина Шульгина мен Газиза Кумакбаева жаңадан қосылды. Ал Дарын Қонысбаев, Сабыржан Қосақ, Александр Автушко және Семен Пивоваров ұлттық құрамадағы өз орындарын сақтап қалды.

Токиода ел намысын қорғауға ұлттық құрама мүшелерінен кім үмітті?

- Ұлттық рейтингтің көшін бастаған спортшыларымыз – Ақмола облысының тумасы Аян Бейсенбаев пен астаналық Арина Шульгинаға үлкен үміт артып отырмыз. Сонымен бірге, қазіргідей тер төгіп, жоғары деңгейде жаттығуын жалғастырса Дарын Қонысбаевтың та квалификациялық іріктеуден өтуге мүмкіндігі бар.

Спортшыларымыз қандай халықаралық жарыста сынға түспек? Бұрын соңды қазақстандық спортшылар өнер көрсетпеген жаңа турнирлер бар ма?

- Елімізде ұйымдастырылғалы отырған барлық халықаралық жарыстарға қатысатынымыз анық. Ұлттық құраманың әрбір мүшесінің жыл аяғына дейін бекітілген сайыстар күнтізбесі бар. Мысалы, Аян Бейсенаевтың сайыс кестесі өте тығыз. Ақпанның аяғында ол Кубадағы Америка кубогінде өнер көрсететін болса, одан кейін АҚШ-тың Клермонт қаласында бақ сынайды. Ал Арина Шульгинаның биылдыққа бірінші шетелдік сайысы қытайдың Ченду қаласында болмақ. Әрине, үздік спортшыларымыздың Токиода болатын Әлем кубогінің квалификациялық кезеңінде сәтті сайысқанын қалаймыз. Сонымен қатар, спортшыларымыздың көптеген олимпиадалық рейтингтік ұпайлар ойнатылатын Азия чемпионаттарында құрмет төрінен көрінуін күтеміз. Егер жазды ойдағыдай өткізсек, күзде Лозаннада өтен Әлем чемпионатында жақсы нәтижелер көрестуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар бапкерлер құрамында өзгерістер болыпты, қандай нәтижелер күтеміз?

- Шетелдік маманды – үш олимпиада ойындарына қатысқан, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Глущенко Андрейді жұмысқа шақырдық. Бапкер ретінде ол өз жұмысының тиімділігін көрсетіп үлгерді: 2018 жыл бойы ол Арина Шульгинаны жаттықтырып келді. Өз кезегінде Арина бір мауысмда бірден үш Азия кубогін жеңіп алды. Сонымен қатар Андрей Глущенко ұлттық құрамамен де жұмыс жүргізіп, сауатты бәсеке атмосферасын тудырып үлгерді. Ұлттық құраманың барлық мүшелерінің нәтижелерінің жақсарып келетінін бақылап отырмыз.

ҚТФ балалар триатлонының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жылы бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілмек?

- Басқа салалар секілді үлкен спортта да балалар – біздің болашағымыз. Қазір, өкінішке орай, балаларды дене шынықтыру және спортпен айналысудан алшақтатып отырған көптеген факторлар бар. Соңғы екі жылды жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып еліміздің 11 аймағында 11 триатлон мектебін аштық. Қазіргің таңда бұл мектептерде 500-ден астам балалар тәлім алып жатыр. Ақмола облысы, Шымкент, Астана мен Алматы триатлон мектептерінде  дәстүрлі түрде ең көп балалар саны спортпен айналысып келеді. Бұл сандар тоқтаусыз өсіп, мектептердегі балалардың қатары өсіп келеді. Бұл балалар – біздің болашақ қайнар көзіміз. Шамамен 5 жылдан кейін осы 13 жасар бозбалалар келешек ұлттық құрамамыздың қатарын толтырып, халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғайды деген үмітіміз зор.

Сонымен қатар, көптеген жаңа мамандарды шақырып, жаттығу сабақтарын барынша қызықты әрі пайдалы өткізуге тырысып жатырмыз. Осыған орай, ҚТФ Президенті К.Қ. Мәсімовтің бастамасымен Оқу-методикалық әдістеме жасалды. Қазір бұл құжат сәйкес органдарда бекітуден өтіп жатыр. Бапкерлер құрамы үнемі квалификациялық тренингтерден өтіп, өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруда. «Аралас мамандар» да пайда болуда, ол дегеніміз – жүзу, жүгіру және велоспорттағы білікті мамандар триатлонға ауысып, балаларды жаттықтырып жатыр. Бұл біз үшін өте қуантатын жайт.

 Қазақстандық әуесқой спортшыларды осы жылы қандай маусым күтіп тұр?

- Өте қызықты маусым күтіп тұр. «TEMIRADAM» Кубогінің аясында әуесқой триатлеттердің республикалық жарыстарға ғана емес, Қазақстанда болатын халықаралық жарыстарға да қатысу мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, еліміздің аймақтарында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «TEMIRADAM Challenge» атты қосалқы сайыстар сериясын бастағалы жатырмыз. Бұл сайыстарда триатлоншыларымыздың жақындары мен жанкүйерлері үлкен триатлон қоғалысының мүшесіне айналуға мүмкіндік алады. Және де, әуесқой спортшыларымыз кросс-триатлон, қысқы триатлон секілді еліміз үшін жаңа триатлон түрлерінен өз күштерін сынап көре алады.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым, бүгіннің өзінде спортшыларымыз алыс-жақын шетелге шықпастан жоғары деңгейдегі триатлон жарыстарына қатыса алады. 

Және де оқушыларымызға бірауыз тілектеріңізді білдірсеңіз.

- Барлық спортышларымызға сәттілік, нәтижелі сайыстар мен барлық алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізді тілеймін.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi