Аймақтардың жұмыс нәтижесі – Ақпан

12 March 2019

Қазақстандық триатлон үшін ақпан айы жарқын жаңалықтарға толы болды. Бұл айда 2019 жылғы маусым басталып, қысқы триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты және жабық ғимараттағы триатлоннан қысқы чемпионат өткізілді. Аймақтық триатлон федерациялары аталмыш жарыстарда белсенді түрде атсалысуымен қатар, еліміздің түпкір-түпкірінде триатлонды дамыту мен насихаттауға бар күшті сарп етіп еңбектенуде.

Өткен айдың ең басты жаңалығы ретінде оңтүстік астанамызда триатлон сүйер нәзік жандарға арналған алғашқы «Women Tri Club Almatу» атты әйелдер клубының ашылуын атауға болады. Жаңа әйелдер клубы «Дмитрий Гааг атындағы триатлон мектебінің» басшысы Елена Кунның бастамасымен Almaty Triathlon Federation қолдауымен World Class Almaty фитнесс клубының негізінде ашылды. Триатлонмен айналысам деуші нәзік жанды спортшылардың барлығы да бұл клубта тегін жаттыға алады. Клуб мүшелері алға қойылған мақсаттарына жетеді деген сенімдеміз.

Осы айда Almaty Triathlon Federation қолдауымен ҚТФ құрметті мүшесі әрі олимпиада чемпионы Александр Винокуров атындағы қоғамдық қор «Дмитрий Гааг атындағы триатлон мектебінде» тәрбиеленіп жатқан балаларға арнап жаңа 7 Vinobike велосипедтерін сыйға тартты.

Ақмола облысының триатлон федерациясы 2007-2010 жылдар аралығында туылған балалар арасында акватлоннан жарыс өткізді. Бапкер Юрий Соловьев  бастаған ұлттық құраманың мүшелері болып табылатын осы облыстың спортшылары канадалық Ванкуверде оқу-жаттығу жиынында жүріп, халықаралық аренадағы маусымды бастап, жақсы нәтижелер көрсетіп те үлгерді. Сонымен қатар, триатлоннан ұлттық жастар құрамасына кіретін осы аймақтың жас спортшылары Ыстық көлдегі оқу-жаттығу жиынына қатысып, Астанада жабық ғимараттағы триатлоннан өткен ұлттық біріншілікке қатысты. Онда спортшылар екі алтын, үш күміс және бір қола жүлделерді жеңіп алды.

17 ақпанда Қарағанды облысында триатлоннан Саран қаласының алғашқы ашық біріншілігінің өтті. Бұл жарыс еліміздегі жастар жылына, Саран қаласының 65 жылдығына және Қарағанды облысының олимпиадалық резервтегі мамандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылды. Велосипедтік кезеңнің болмауына себеп болған қолайсыз ауа райына қарамастан, жарысқа 15 жастан асқан 45 спортшы қатысты. Олар 2000 метр қашықтыққа жүгіріп, 400 метрге жүзуден сайысты. Мұндай маңызды іс-шараға жергілікті әкімдік өкілдері де белсене атсалысты. Мәселен, Саран қаласының әкімінің орынбасары Ералы Оспанов, «Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің» басшысы Ринат Тлеубеков пен «Саран қаласының жер қатынастары бөлімінің» басшысы Данияр Кайырбек те сайысқа түсті. Одан бөлек, біріншілікке жалғыз бойжеткен – Куценко Карина қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сайыс нәтижесінде барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар табысталды.

Еліміздегі жастар жылын ойдағыдай өткізуге Астана қаласының триатлон федерациясы да өз үлесін қосуда. Астаналық федерация барлық спорт сүйер студенттерге арналған ашық жүгіру жаттығуларын өткізуді бастап кетті. Барлық жаттығуларды қалалық федерация бапкерлері Астана-арена мен Астана триатлон паркінде өткізетін болады.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi