Аймақтардағы жұмыс нәтижесі – Маусым

9 July 2019

2019 триатлон маусымы қызу үстінде. Өткен айдың қазақстандық триатлон үшін қалай өткенін еске түсіргенді жөн көрдік.

Маусым айы ұлттық құраманың Азия және Орталық Азия чемпионаттарындағы айтулы жеңістерімен ғана емес, триатлон қарқынды дамып келетін еліміздің түрлі аймақтарындағы өзге де жарқын жаңалықтарымен есте қалды.

Ең маңызды жаңалық деп балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатқан жас спортшылар арасында триатлоннан «My Win» атты Алматы қаласының ІІІ чемпионатының өткізілуін айтуға болады. Чемпионатқа 120 бала қатысты, оның 30 есту қабілеті нашар балалар. Мәреден кейін әрбір балаға сайыс ұйымдастырушылары Almaty Triathlon Federation және «Champion» қоры велосипедтер сыйлады. Ал жеңіс тұғырынан көрінгендерге қосымша сыйлықтар – жазғы демалу лагерлеріне жолдама сыйланды.

Ақтөбе облысында ресми түрде облыстық триатлон федерациясы ашылды. Жаңадан құрылған федерация алғаш рет Ақтөбе қаласында республикалық триатлон жарыстарын – Қазақстан Республикасының чемпионаты мен «TEMIRADAM» Кубогінің V кезеңін қабылдап, өз жұмысын қызу бастап кетті. Сонымен қатар, федерация  «World Class Aqtobe» фитнес-клубының негізінде балалар триатлон үйірмесін ашып, облыстың кәсіби спортшыларының қалыптасуына жол ашып берді. Батыстық әріптестер «Iron Tulip» атты әуесқойлар командасын ұйымдастырып үлгерді. Қазіргі таңда команда құрамында 17 әуесқой спортшы триатлонмен айналысып жүр. Ең бастысы облыстық федерация шатырлар, велосипед тіреулерін, сигналды қалтқылар және т.б. сатып алып, өз материалды базасын қалыптастыру арқылы жергілікті әрі республикалық триатлон додаларын ұйымдастыруға дайындық жүргізуде.

Қостанай облысынан да қуанышты хабар жетті. Қостанай облыстық триатлон федерациясының кезекті жиналысында «Аллюр» АҚ серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Федерация басшысы болып Андрей Лаврентьев сайланды. Жаңа басшылықтың жоспарында кәсіби спортшылар мен бапкерлердің қатарын көбейтіп, жаттығуға арналған инфраструктура мен материалды-техникалық базаны жақсарту және жүйелі түрде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу бар.

Өскеменде 14 жастан асқан спортшылар арасында Шығыс Қазақстан облысының алғашқы чемпионаты өткізілді. Аймақтық біріншілікте Өскемен, Семей және Риддерден келген 37 спортшы бақ сынасты. Дода Этнографиялық саябақта өтті. Ең үздік нәтижелер көрсеткен спортшылар облыс құрамасының қатарына қабылданып, Жаңа Бұқттырма кентіне оқу-жаттығу жиынына жіберілді. Осы оқу-жаттығу жиынынан өткен спортшылар жақында Бурабайда өткен кросс-кантри триатлоннан өткен ел біріншілігінде жеңіске жетті.

Астаналық триатлон федерациясы «Ника» коммуникативтік даму орталығымен бірлесе отырып әлеуметтік желілерде бапкерлермен танысу айдарын іске қосты. Бұл айдарға ең бірінші федерация жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы спорт шебері, Пекин, Лондон және Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойындарына қатысқан Екатерина Руденко келіп, ашық тегін жаттығу сабақтарын өткізді. Астаналық триатлон үйірмесінің жас спортшылары Jastar Bike қалалық веложарысқа қатысса, әуесқойлар болса әлемнің 24 елінде өткен бүкіләлемдік жүгіру күнін тойлауға атсалысты. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесе отырып астаналық әріптестер 16 мен 50+ жас аралығындағы 300 әуесқой спортшы қатысқан «Нұр-Сұлтан-Дуатлон 2019» додасын өткізді.

Шымкент қаласының триатлон федерациясы қала тарихындағы алғашқы халықаралық триатлоннан Азия кубогін қабылдағаннан кейін 5-7 маусымда қалалық ашық чемпионат өткізді. Сайыстар Бадам су қоймасында өткізілді. Мұнда Шымкент пен Түркістан облыстарынан келген 54 кәсіби спортшы қатысты.

Маусым осындай қызықты оқиғаларымен есте қалды. Ендігі еліміздің барлық спортшыл қауымы маусымның ең маңызды додаларының бірі, 14 маусымда Астана Триатлон паркте болатн BI Group Ironman Astana 70.3 сайысын асыға күтуде.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi