Аймақтардың жұмыс нәтижесі – Наурыз

8 April 2019

Аймақтық федерациялардың атқарған жұмыс нәтижелерімен бөлісуді жалғастырамыз. Кезекте өзінің маңызды оқиғаларымен есте қалған наурыз айы. Оның ішінде ең маңызды деп, ұлттық құрамамыздың халықаралық аренада сәтті өнер көрсетуін атауға болады. Мәселен, Аян Бейсенбаев пен Темирлан Темиров Америка кубогінің үздік он спортшыларының қатарынан көрінсе, Ашраф Камалова Африка кубогінде жасөспірімдер арасында «алтынға» иелік етті. Аталған спортшылардың барлығы Ақмола облысының тумалары екендігін атап өткен жөн.

Ал астаналық федерация 16-17 наурызда World Class Astana фитнес-клубында «Documentolog» компаниясының қолдауымен жыл сайынғы INDOOR-триатлон бойынша Age Group спортшылары арасында Нұр-Сұлтан қаласының ІІ чемпионатын өткізді. Еліміздің барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетелден келген 126 спортшы осы додада бақ сынады. Бақ сынасқандардың ішінде Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те болды. Мұнда 17 жастан 72 жасқа дейінгі спортшылар сайысқа түсті. Бір аптадан кейін астаналық триатлон мектебінің тәлімгерлері Нұр-Сұлтан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген Astana Nauryz Marathon 2019 жүгіру сайысына қатысып, жүлделі орындардан көрінді.

14-15 наурызда Almaty Triathlon Federation «Cahmр1on» қайырымдылық қорының қолдауымен өткізілетін «MyWin» жобасымен серіктестік аясында мектеп-интернаттар мен балалар үйлерінің 120 жас тәлімгерлеріне 2 тегін шеберлік сабақтарын өткізді. Шеберлік сабақтары Қазақ туризм және спорт академиясының, «Алмалы» СК мен «Таң-нұры» фитнес-орталығының бассейндерінде жүргізілді. Шеберлік сағаттарын өткізуге жүзуден халықаралық дәрежегі спорт шебері Юлия Синицына, су добынан ҚР бірнеше дүркін чемпионы Эдуард Сафиуллин, велоспорттан спорт шебері Никита Федотовских пен су добынан ҚР чемпионы Аяулым Маштиевалар шақырылып, балаларға триатлон құпияларын үйретті.

Сонымен қатар, 31 наурызда Almaty Triathlon Federation әріптестеріміз Алматы марафонмен бірлесе отырып, жыл сайынғы Алматы қаласының чемпионатын өткізді. Қаланың құрама командасына үміткерлер анықтау және қалада триатлонды насихаттау біріншіліктің басты мақсаты болды. Жарыстың 5 жастан 12 жасқа дейінгі қатысушылары акватлоннан сайысса, 13 жастан үлкен спортшылар триатлоннан қала чемпионын анықтаумен болды. Жалпы есеппен акватлон бойынша 59 спортшы додаға түссе, триатлоннан 33 спортшы бақ сынасты.

Спортшылар шеберлігін арттыру мақсатында және де үздік спортшыларды анықтап, аймақта триатлонды насихаттау мақсатында Шымкент қаласының триатлон федерациясы 15-16 наурызда №3 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ашық чемпионатын өткізді. Біріншілік Наурыз мерекесіне орай «Спорт нашақорлыққа қарсы» жобасының аясында өткізілді. Жарысқа Шымкент пен Түркістан облысынан келген 120 спортшы қатысты. Сайыс нәтижесінде барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдер мен мақтау қағаздары табысталды.

Қазіргі таңда барлық аймақтық триатлон құрамалары 27-28 сәуірде Түркістан облысы Кентау қаласында өткізілетін триатлоннан Қазақстан Республикасы кубогінің бірінші кезеңіне қызу дайындықтарын бастап кетті.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi