Қазақстан Азия ойындарында триатлоннан күміс алды

6 September 2018

Индонезияда Азия құрлығындағы төрт жылдықтың басты біріншілігі – он сегізінші Азия ойындары өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы 37 спорот түрінен додаға түсіп, 76 медаль жеңіп алды: 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медальмен жалпы командалық есепте тоғызыншы орынға орналасты. Триатлон жарыстары 31 тамыздан 01 қыркүйекке дейін Палембанг қаласында өткізілді.

Әйелдер санатында 13 елден келген 22 спортшы қатысқан болатын. Қазақстан атынан шыққан Шымкент қаласының тумасы Анастасия Автушко мәреге 11-ші болып жетті. Осы Азия ойындарының жеңімпазы атағын жапондық Юко Такахаши (Yuko Takahashi) (01 сағат 59 минут 29 секунд) жаулап алды. Ол ITU үздіктер рейтингінде 13-ші орындағы спортшы болып табылады. Қытай Халық Республикасының спортшысы Менгинг Жонг (Mengying Zhong) жеңімпазға 01 минут 37 секунд жеңіліп, екінші орыннан табылды. Макаолық Лонг Хой (Long Hoi) 02 сағат 01 минут 28 секунд нәтижесімен қола жүлде иегері атанды.

Ерлер арасындағы жарыс қазақстандық триатлон үшін жемісті болды. «Стандартты» қашықтықты бағындыруға 20 елден келген 34 спортшы шықты. Олардың ішінде ел чемпион Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы) пен Максим Крят (Астана) бар еді. Жарыс күнінің нәтижесі бойынша Аян Бейсенбаев осындай деңгейдегі халықаралық триатлон сайысында көптен күткен күміс медальді жеңіп алды. Ол 01 сағат 50 минут 38 секундта мәреге жетіп, жүлдегер атанып, еліміздің жалпы командалық жеңісіне өз үлесін қосты.

«Осындай үлкен спорт мерекесінің бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Ұйымдастыру деңгейіне көңілім толды. Палембангта өткізген әр күнімде жанкүйерлерімнің жан-жақты қолдауын сезініп жүрдім. Әр спортшы секілді алтын жүлдені алуды мақсат тұтқан едім. Алайда сәті түспеді. Менің жүзуден шамалы ақсайтыным бар еді. Жаз бойы тынбай жаттықтым. Еңбегім нәтижесін берді, судан біріншілердің қатарында жүзіп шықтым. Вело-кезеңде жүлде болатынын түсіндім, не алтын, не күміс болар деп ойладым. Жапондық спортшы алдымды орап кетті. Тағы да жаттығатын боламын. Келесі ойындарда алтын аламын деген үміттемін.», - деп Аян Бейсенбаев өз ойымен бөлісті.

01 сағат 49 минут 43 секунд нәтижесімен жапондық Джумпей Фуруя (Jumpei Furuya) триатлоннан Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Қытай Халық Республикасының өкілі Минчу Ли (Mingxu Li) жеңімпазға 01 минут 06 секунд ұтылып, қола жүлдегер атанды. Максим Крят 11-ші орыннан көрінді.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi