Қазақтандық триатлоншылар Швейцариядағы Гранд финалда сынға түсті

31 August 2019

29 тамызда әлемнің олимпиадалық астанасы Лозаннада осы маусымның басты оқиғасы триатлоннан Әлемдік серияның гранд-финалы 2019 ITU World Triathlon Grand Final өтті. Ауқымдылығы мен маңыздылығы жағынан триатлоннан кішігірім олимпиада ойындарымен теңдесе алатын әлемдік деңгейдегі іс-шара атақты кәсіби және әуесқой спортшылармен қатар паратриатлеттердің де бас қосуына себеп болды. Олардың арасында швейцариялық трассаны сынауға келген қазақстандық спортшылар да болған еді.

Ұлттық құрама мүшелері Аян Бейсенбаев, Темирлан Темиров, Мейрлан Искаков және Семен Пивоваров Әлем чемпионаты аясында U23 санатында сынға түсті. Лозаннаның «стандартты» қашықтығы сайысқа шыққан 64 спортшының барлығына бағына қоймады. Қазақстандықтар арасында үздік нәтижені Темирлан Темиров көрсетті. Ол 1 сағат 55 минут және 22 секунд нәтижесімен 25-ші орында мәреге жетті. Аян Бейсенбаев 1 сағат 57 минут 37 секунд нәтижесімен 38-ші орында сайысты аяқтады. Семен Пивоваров 42-ші орынмен мәре сызығын кесті – 1 сағат 59 минут және 41 секунд. 1 сағат 50 минут 20 секунд нәтижесін көрсеткен испандық Роберто Санчес Монтекон (Roberto Sanchez Montecon) алтын жүлде алды. 1 сағат 50 минут 36 секунд нәтижесі үшін венгриялық спортшы Ксонгор Леманға (Csongor Lehmann) күміс жүлде табысталды. Алтын жүлдегерге 30 секунд ұтылған израильдік Ран Сагив (Ran Sagiv) үздік үштікті тұйықтады.

Тағы бір спортшымыз, қазақстандық жасөспірімдер құрамасының мүшесі Даниил Зубцов «спринтерлік» қашықтықта (750 м жүзу, 20 км вело и 5 км жүгіру) әлем чемпионы атағы үшін сынға түсті. Зубцов сөреге шыққан 70 спортшының ішінде 56-шы болып мәреге жетті. Ол 59 минут 43 секунд нәтиже көрсетті. Бұл санаттағы көшті португалдық Рикардо Батиста (Ricardo Batista) басқарды. Ол 55 минут 5 секундта сайысты аяқтады. Оған 7 секундқа ұтылған аустралиялық Лоркан Редмонд (Lorcan Redmond) күміс жүлдегер атанды. 11 секундқа кешігіп мәре сызығын кескен испандық Серхио Бакстер Кабрераға (Sergio Bater Cabrera) чемпионаттың қола жүлдесі берілді.

Осы доданың нәтижелеріне байланысты біз ұлттық құраманың бас бапкері Андрей Глущенкоға бірнеше сұрақтар қойған болатынбыз.

- Ұлттық құрама алдында бұл чемпионатта қандай тапсырмалар болды?

- Жігіттер көрсеткен нәтижелерден әлдеқайда жоғарырақ көрсеткіштер күткен болатынбыз. Аян Бейсенбаев үздік ондықтың қатарынан көрінсе, қалғандары үздік 20-ның арасынан көрінеді деп жоспарлағанбыз. Нәтижесінде, тек Темирлан Темиров қана көшбасшыға барынша жақындады. Ол 25-ші орында мәре сызығын кесті.

- Спортшыларымыздың бұл жолғы жарысын қалай бағалайсыз? Қандай қателіктер кетті деп ойлайсыз?

- Ашығын айтқанда бұндағы спортшыларымыздың жарысын әлсіз деп атауға болады. Бұл біздің спортшыларымыздың қолынан келетін максимум емес. Маусымның негізгі қателігі деп бар күштерін спартакиадада (Қарағандыда өткен триатлон бойынша V Жазғы Спартакиада) сарп етті. Онда олар маусымдағы үздік нәтижелерін көрсетті десем болады. Өз жерімізде болған спартакиададағы үлкен бәсеке спортшылардың соңғы күштерін жұмсауға мәжбүр етіп, Әлем чемпионатына мүлдем күш қалдырмады. Сұрақтың шешімі – ұлттық құрама мүшелерінің барлығын маусымдағы негізгі сайыстарға бірлесе отырып дайындау. Бірақ құл тек бапкерлер штабы өзара келісімге келген жағдайда ғана жүзеге асырылмақ.

- Осы чемпионаттағы спортшыларымыз арасында кімді ерекше атап өтер едіңіз?

- Командамыздағы өзгелерден бір қадам алда болған Темирлан Темировты ерекше атап өтуге болады. Бірақ бұл оның максималды күші емес. Темирланның одан да мықты екеніне сенімдімін.

- Осы көрсеткіштер Олимпиадалық квалификациялық рейтингке әсерін тигізеді ме?

- Бұл көрсеткіштер Олимпиадалық рейтингке еш әсерін тигізбейді. Себебі, ұпайлар тек үздік 20 спортшыға үлестірілді. Ендігі басты мәселе, демалып алып, жаңа биіктерді бағындыру.

- Құрама мүшелерін енді қандай додаларда көре аламыз?

- 7 қыркүйекте Дарын Қонысбаев Испаниядағы Әлем кубогінде өнер көрсетпек. Біз Дарынның күшін сақтап, Олимпиада ойындарына іліну жолында көбірек жұмыс істеуді жөн көрдік. 19 қыркүйекте Лозаннада өнер көрсеткен спортшыларымызбен қатар, Арина Шульгина Ақтауда болатын Азия кубогінде бақ сынайтын болады. Әрі қарай Иорданиядағы Азия кубогінде, Түркиядағы Еуропа кубогінде және Гонконгтағы Азия кубогінде сынға түспек. Сонымен қатар, негізгі сайыстар: Оңтүстік Кореядағы, Жапониядағы, Перудегі Әлем кубогі кезеңдері және де Доминиканадағы Әлем кубогінде биылдыққа соңғы рет өнер көрсететін боламыз. Байқағаныңыздай, маусым әлі аяқталған жоқ. Олимпиада ойындарына ілінуге әлі де мүмкіндік бар.

Швейцариядағы Гранд финал 1 қыркүйекке дейін созылатынын айта кеткен жөн. Elite санатындағы спортшылармен қатар паратриатлеттер мен әуесқой спортшылар да сайысқа түседі деп күтілуде.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi