Қазақстандық триатлоншылар Астанадағы Азия кубогында екі алтын медаль жеңіп алды
2026 жылғы 20–21 маусым күндері Астанадағы Триатлон паркінде халықаралық Asia Triathlon Cup Astana 2026 турнирі өтті. Жарыс өңірдегі маусымның ең ірі спорттық оқиғаларының бірі болып, әлемнің 20 елінен келген 460-тан астам спортшыны біріктірді. Олардың қатарында Elite, Junior және Age Group санаттарының үздік өкілдері болды.
Екі күн бойы Қазақстан астанасы Азия мен Еуропаның жетекші триатлоншыларын, болашағынан зор үміт күттіретін жасөспірім спортшыларды және әуесқойларды қабылдап, олар медальдар, World Triathlon рейтингтік ұпайлары және халықаралық турнирдің жүлделі орындары үшін бақ сынасты.
Ерекше назар Elite санатындағы жарыстарға ауды. 750 метр жүзу, 20 шақырым веложарыс және 5 шақырым жүгіруден тұратын спринттік қашықтықта өте тартысты бәсеке өрбіді. Алтын жүлденің тағдыры жарыстың соңғы метрлерінде шешілді.
Ерлер арасында Қазақстан өкілі Аян Бейсенбаев 54:05 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Күміс медальді Люксембург спортшысы Тео Марти (54:08) иеленсе, қола жүлдені Чехия өкілі Радим Гребик (54:09) жеңіп алды. Жүлделі орындар арасындағы айырмашылық небәрі бірнеше секундты құрады.
Әйелдер арасындағы Elite санатында Өзбекстан өкілі Алина Хакимова 1:02:49 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орынды Гуам спортшысы Манами Ииджима (1:03:11), үшінші орынды Беларусь өкілі Софья Кривецкая (1:03:30) иеленді.
Юниорлар арасындағы жарыстар да жоғары деңгейде өтті. Жас спортшылар өздерінің дайындығын, жылдамдығын және тактикалық шеберлігін көрсетіп, әлемдік триатлонның болашақ жұлдыздары екенін дәлелдеді.
Юниор ұлдар арасында Беларусь өкілі Марат Вераценникау 59:13 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Ресейлік Илья Золотов (59:25) екінші орынға ие болса, Иран спортшысы Садра Эбрахими (59:33) үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың басты көріктерінің бірі қыздар арасындағы юниорлық сайыс болды. Қазақстандық спортшы Аида Ким 1:08:09 нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені тағы бір қазақстандық триатлоншы Алуа Нұрмұхамет (1:08:11) иеленіп, жеңімпаздан бар болғаны екі секундқа қалып қойды. Қола медаль Индонезия спортшысы Кайла Надиа Шафаға (1:08:40) бұйырды.
Қазақстан құрамасының өнер көрсетуі отандық жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Elite санатындағы ерлер жарысында Аян Бейсенбаев халықаралық деңгейдегі мықты қарсыластарын артта қалдырып, алтын медаль жеңіп алды. Ал Аида Ким юниор қыздар арасында чемпион атанып, ұлттық құрама қоржынына тағы бір алтын салды. Осы санаттағы күміс жүлде иегері Алуа Нұрмұхамет Қазақстанға бірден тұғырдың екі сатысын сыйлады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Астанадағы өз алаңында өткен Азия кубогында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, қазақстандық триатлонның жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Asia Triathlon Cup Astana 2026 аясында Age Group санатындағы әуесқой спортшылар арасында да жарыстар өтті. Олимпиадалық қашықтыққа 1500 метр жүзу, 40 шақырым веложарыс және 10 шақырым жүгіру кірді.
Жарысқа 156 жеке қатысушы мен 12 командалық эстафета шығып, Age Group санатында жалпы саны 192 спортшы бақ сынады. Әуесқойлар халықаралық турнир қатысушыларымен бір трассада жарысып, үлкен спорт мерекесінің бір бөлігіне айналу мүмкіндігіне ие болды.
Астанадағы Азия кубогы World Triathlon және Asia Triathlon ұйымдарының қолдауымен өтті. Жарысты Қазақстан триатлон федерациясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, Спортты дамыту дирекциясының және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Қазақстан астанасында осындай халықаралық турнирлерді өткізу триатлонды дамытуға, отандық спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Рус
Eng










