Қазақстандық триатлон дамудың жаңа деңгейіне көтерілді

15 November 2019

2020 жылы қазақстандық триатлон дамудың жаңа деңгейіне шықпақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Спорттың басым түрлерінің республикалық тізбегін» құру туралы бұйрығы жарияланғаннан кейін белгілі болды. Өткізілген ранжирлеу және барлық критерийлер бойынша ұпай сандарын есептеу нәтижесінде триатлон Қазақстанда даму потенциалы жоғары спорт түрі ретінде «В» тобына енгізілді. Триатлонның «В» тобына енгізілуі К.Қ. Мәсімовтың бастамасымен Қазақстандық Триатлон Федерациясы дұрыс даму жолында келетіндігін тағы бір дәлелдей түсті.

Ережелердің бекітілуі кезіндегі талаптарға сай, яғни 2017 жылы, триатлон елдегі даму потенциалы төмен спорт түрі ертінде «С» тобына жатқызылған болатын. Дегенмен, Қазақстанда триатлонды дамыту мен кеңінен танымал етуге бағытталған екі жыл бойғы еңбек елеусіз қалмады. «В» тобына енгізілу - ендігіде қазақстандық триатлонға көбірек назар аударылып, қаржылай қолдау да көбірек көрсетіледі дегенді білдіреді. Бұл спортшылар мен бапкерлер штабын ынталандыруды жоғарылатып қана қоймай, аймақтардағы инфрқұрылымды жақсартуға, спортшылардың дайындалу сапасына, олардың қажетті құрал-жабдықтарының жақсаруына тікелей әсерін тигізеді. 

«В» тобына триатлоннан басқа 18 жазғы олимпиадалық спорт түрлері енгізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Олардың арасында: ат спорты, академиялық есу, әртістік жүзу, баскетбол, батутты гимнастика, есу слаломы, классикалық волейбол, қол добы, нысана көздеу, регби, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, суға секіру, семсерлесу, спорттық гимнастика, велотрек және футбол бар.

Еске сала кетейік, 2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігі ҚР спорт түрлерін ранжирлеу Ережелерін бекіткен. Жаңа өзгерістер барлық аймақтардағы спортты қаржыландыру жүйесінің әділдігі мен біркелкілігін қамтамасыз етуді көздеген болатын.

Спорт түрлерін ранжирлеу – спорт түрінің халықаралық спорт сайыстарында жеткен жетістіктері, ұлттық-мәдениеттік дәстүрлілігі, кадрлық потенциалының болуы, материалды-техникалық базасының болуы, бұқаралық және аймақтың климаттық жағдайларына байланысты ерекшеліктеріне қарай спорттың даму деңгейін анықтау. Ранжирлеу ережелеріне сәйкес спорт түрлері үш түрлі топқа бөлінген. «А» тобына дамыған спорт түрлері, «В» тобына даму потенциалы жоғары спорт түрі, «С» тобына даму потенциалы төмен спорт түрлері жатқызылады. Ранжирлеу соңғы екі күнтізбелік жылға республикалық деңгейде анықталады. Спорт түрінің басымдылығы объективті көрсеткіштер мен критерийлерге сай анықталады.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi