Кона 2019: Винокуровтың керемет жеңісі

13 October 2019

12 қазанда Гавай аралдарында көптеген триатлоншылардың асыға күткен додасы – «темір» қашықтықтағы Ironman Әлем чемпионаты өтті. Аталмыш доданың трассасы ұзақ триатлон әлемінде ең қиын трассалардың бірі ретінде танылған. Мұнда жеңіске шынымен де мықты спортшылар ғана жете алады. Аптап ыстық, ауаның жоғары ылғалдылығы мен азынай соққан жел қашықтықты өтуді қиындатып жібереді. Қашықтықты бағындыруға берілетін жалпы уақыт – 17 сағат.

Бұл жылы Каилуа-Кона әлемнің түрлі аймақтарынан келген 98 кәсіби спортшы (55 еркек пен 43 әйел) және де 2373 әуесқой спортшыларды (1722 ер және 651 әйел) қабылдады. Қазақстан атынан 4 спортшы сынға түсті: Александр Винокуров, Алексей Сидоренко, Павел Артюшенко және Дина Шаймерденова.

Отандастарымыздың арасында ең үздік көрсеткішті, күткеніміздей, Олимпиада чемпионы, ҚТФ құрметті мүшесі Александр Винокуров көрсетті. Александр қашықтықты 8 сағат 48 минут 24 секундта бағындырды. Осылайша Александр Винокуров қазақстандық триатлон тарихында алғаш рет Ironman 140.6 Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл нәтиже чемпионымызға біріншіліктің барлық қатысушылары арасында үздік 50 сайыскер қатарына кіріп, барлық 2373 сайыскер арасында 43-ші орынды иеленуге мүмкіндік берді. Еске сала кетейік, бір ай бұрын ол Ниццадағы «жартылай темір» қашықтығында М45-49 жас тобында чемпион атанған еді.

Қазақстандықтар арасындағы екінші нәтиже бірнеше дүркін Ironman атанған Павел Артюшенкоға тиесілі болды. М40-44 жас тобында сайысқан Павел кезекті «темір» қашықтығын 9 сағат 58 минут және 31 секундта өтіп шықты. Алексей Сидоренко Конаның трассасын 10 сағат 33 минут және 33 секундта бағындырды.

12 сағат 12 минут 09 секундта мәреге жеткен Дина Шаймерденова саусақпен санарлық қазақстандық Diamond Ladies қатарын толықтырды.

PRO санатындағы ерлер арасында көштің басын 2008 жылдың Олимпиада чемпионы, екі мәрте Ironman 140.6 (2015, 2016) әлем чемпионы, екі дүркін Ironman70.3 (2015, 2018) әлем чемпионы, атақты неміс спортшысы Ян Фродено (Jan Frodeno) бастады. Үш дүркін әлем чемпионы барлық қашықтықты 7 сағат 51 минут 13 секундта бағындырып, Патрик Лангеге тиесілі трасса рекордын жаңартты. Күміс жүлдені 7 сағат 59 минут 40 секунд нәтижесімен ТимО’Доннелл (Tim O’Donnell) жеңіп алды. Үздік үштікті 8 сағат 2 минут 4 секунд уақытымен Себастьян Кинли (Sebastian Kienle) тұйықтады.

Бұл санаттағы әйелдер арасындағы әлем чемпионы атағын доданың басты фавориттерінің бірі неміс спортшысы Анна Хауг (Anne Haug) алды. Ол көрсеткен уақыт – 8 сағат 40 минут 10 секунд. Хауг өткен жылы Конада алғаш рет сынға түсіп, қола жүлдегер атанған болатын. 2019 жылдың екінші нәтижесін (8 сағат 46 минут 44 секунд) Люси Чарльз-Барклей (Lucy Charles-Barclay) көрсетті. 8 сағат 48 минут 13 секунд уақытымен Сара Кроули (Sarah Crowley) үшінші орыннан көрінді.

Фото: @ironmantri, Александр Винокуров


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi