Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталуда

23 May 2019

Бүгін Шымкент қаласында өткелі отырған триатлоннан Азия Кубогіне арналған ресми баспасөз конференциясы өткізілді. Конференцияда ҚТФ спорттық директоры Сергей Майер мен сайыстың бас демеушісі «Shymkent» ӘКК» АҚ баспасөз хатшысы Сайра Амантаева қатысты. Жиынға қатысқан ресми өкілдер Шымкенттегі алғашқы халықаралық сайысқа дайындық жұмыстарының жүргізілу барысы жайында сөз қозғап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Сергей Майер өткелі отырған сайыстың басты мақсаты мен міндеті Қазақстанның барлық аймақтарында триатлонды дамыту мен насихаттау болып табылатындығын атап өтті. Сонымен қатар делегат Шымкент қаласының триатлондағы үлкен болашағы бар екенін атап өтті. Әсіресе, мұнда жыл бойы оқу-жаттығу жиындары мен ауқымды додалар өткізуге болатынын айтты.

«Триатлоннан Азия Кубогі – Халықаралық Триатлон Одағының (ITU) бастамасымен Азия құрлығы бойынша өткізілетін сайыстар сериясы. Аталмыш сайыстарда олимпиадалық квалификация рейтингісіне кіретін ұпайлар ойнатылады. Болғалы отырған жарысқа қазақстандық спортшыларды қоса алғанда әлемнің 14 елінен келген 45 спортшы қатыспақ. Спортшыларымыздың өз-өздерін көрсетіп, құрмет төріне шығуларына барлық мүмкіндіктері бар. Әйелдер арасында Арина Шульгинаға, ерлер арасында Дарын Қонысбаев, Аян Бейсенбаев және Семен Пивоваровқа үлкен үміт артып отырмыз.» - деп ойымен бөлісті Сергей Майер.

Еске сала кетейік, Shymkent Asian Cup атты триатлоннан құрлықтық кубогі 25 мамырда Жайлаукөл паркінде болады. Ал келесі күні әуесқойлар арасында “TEMIRADAM” Кубогінің ІІІ кезеңі өтеді.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi