«Almaty Asian Cup 2018» аясында Алматыда триатлоннан әуесқойлар жарысы өтті
Өткен жексенбіде «Almaty Asian Cup 2018» триатлоннан Азия Кубогі аясында Age Group санатындағы спортшылар арасында әуесқойлар жарысы өткізілді. Жарысқа Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан жиналған 159 спортшы сынға түсті. Сонымен қатар, ашық турнирде Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина мен Оңтүстік Корея секілді алыс-жақын шетелден келген триатлоншылар да бақ сынады. Жарыс Алматының шырайын келтірген әйгілі Сайран көлінде өткізілді.
Әуесқой спортшылар 1500 м жүзу, 40 км веложарыс, 10 км жүгіруден тұратын «стандартты» немесе «олимпиадалық» деп аталатын қашықтықта бақ сынап көрді. Қатысушылар арасында жаңадан бастағандармен қатар тәжірибелі спортшылар да, Валихан Тен, Дәулет Құрманбаев, Қырғыз Республикасы Триатлон Федерациясының Президенті Чингиз Алканов секілді атақты спортшылар да болды.
Оңтүстік астанамыздың ауа райы кешегі кәсіби спортшылардың жарысы кезіндегідей ыстық болып тұрды. Термометрлер +34°С бағамына дейін көтеріліп, бұл қатысушылар үшін тағы бір сынақ болды. Жарысқа қатысуға келген спортшылардың ішінде мәреге жете алмай қалғандары да болды: кейбірі жарыстан өз еркімен бас тартып жатса, енді біреулерінің велосипедтері істен шығып жатты.
Жарыстың басталғанынан бері екі сағат өтісімен жанкүйерлер мәре сызығының алдында жеңімпаздарды күтіп алды. Осылайша, ерлер арасында абсолютті жеке есепте 16-шы нөмірмен жарыс бастаған алматылық Аслан Абдрахманов жеңімпаз атанды. Ол 02 сағат 11 минут 54 секунд уақыт көрсетті. Бішкектен келген қонағымыз Юлия Фернас 02 сағат 28 минут 49 секунд нәтижесімен әйелдер арасында абсолютті жеке есепте жеңімпаз атанды. Сайысқа түскен эстафеталық командалар арасында күннің үздік нәтижесін көрсеткен ALMATYBROTEAM (Линник Андрей, Крупяков Геннадий, Александров Евгений) бірінші орынды иеленді.
Сайыс күнінің аяқталысымен спортшылар көрсеткен нәтижелеріне сәйкес қорытынды хаттамада өз орындарын ала бастады. 18 бен 24 жас аралығында ерлер арасында бірінші орынды алматылық Владимир Толикин алды. Жүзу кезеңінде ол судан бірінші шығып, 1500 м қашықтықты 18 минутта, ал толық қашықтықты 2 сағат 19 минут 51 секундта бағындыра білді. Бұл жас санатында В. Толикиннен кейін алматылық Михаил Лим 02 сағат 42 минут 46 секунд, және де Лимге 8 минут жеңілген Қырғыз Республикасынан келген Антон Егоров үздік үштікке кірді.
25-29 жас аралығындағы ерлерде үлкен бәсеке орын алды. Себебі, жүлделі орындарға бірден 30 адам үмітті еді. Алайда, барлық жүлделерді алматылық спортшылар қанжығаларына байлап кетті. 02 сағат 12 минут 24 секунд нәтижесімен Айдар Мәліков бірінші орын, 02 сағат 23 минут уақытымен Тимур Игіліков екінші орынды алды. Күміс алған жүлдегерге 3 минут ұтылған Роман Шабельянов үздік үштікті тұйықтады.
Ал бұл жас санатындағы әйелдер арасында бәрі оп-оңай шешімін таба қойды. Себебі, жарысқа бар болғаны үш қана спортшы қыз шыққан болатын. Қашықтықты 02 сағат 55 минут 19 секундта бағындырған мәскеулік Марина Елисеева жеңімпаз атанса, 03 сағат 27 минут 13 секунд нәтижесімен алматылық Анар Ахметова екінші орын иеленді. А.Ахметовадан 1 минут кейін мәреге жеткен Айнұр Кумарова қола жүлдегер атанды.
30-34 жас санатындағы ерлерде «алтын» нәтижені абсолютті жеке есепте жеңімпаз атанған Аслан Абрахманов көрсетсе, оған шамамен төрт минут ұтылған алматылық Арсений Елисеев күміс алды. Ал үшінш орын жүлдесі Астана қалалық Триатлон Федерациясының бас бапкері Мұрат Әубәкіровке табысталды. Әйелдерде ерлердегідей бұл жас санатының жеңімпазы ретінде Юлия Фернас танылды, ал екінші орынды 03 сағат 08 минут 57 секунд нәтижесімен Аия Маштиева иеленді. 03 сағат 22 минут 56 секунд нәтижесімен Аида Естерекова үшінші орыннан көрінді.
35-39 жас аралығында бар болғаны 5 қана әйел сайысқа түсті. 02 сағат 39 минут 33 секунд нәтижесімен Дина Шаймерденова алтын алса, жақында Қостанайдағы спринтерлік жарыста жеңімпаз атанған Әсел Садвокасова күміс жүлдені астанаға алып кетті. 02 сағат 54 минут 40 секунд нәтижесімен алматылық Аида Кошабаева қола жүлдегер атанды. Бұл жас санатындағы ерлер арасында барлық жүлделі орындарды алматылықтар жеңіп алды. Олардың ішінде 02 сағат 13 минут 06 секунд нәтижесімен Михаил Кувшинников бірінші мәреге жетсе, оған 7 минут жеңілген Думан Нұрбаев екінші келді. Нұрбаевтан кейін екі минуттан соң Арстан Смағұлов мәреге жетті.
40-44 жас санатындағы жүлделі орындарды тағы алматылықтар иеленді. Алтынды 02 сағат 29 минут 08 секунд уақыт көрсеткен Сергей Бодров алса, оған 2 минутқа ұтылған Владислав Көпбосынов күміс жүлдегер атанды. Ал қола жүлдені Андрей Халяпин 02 сағат 32 минут 10 секунд нәтижесі үшін алды.
45-49 жас санатында мәре сызығын астаналық Вадим Шулинов бірінші болып кесті. Ол 02 сағат 32 минут 12 секунд нәтиже көрсетті. Одан кейін 7 минуттан соң Ақмола облысының тумасы Марат Фаррахов мәреге жетті. Фарраховқа бар жоғы бір минутқа жеңілген алматылық Олег Носов үшінші атанды. Әйелдер арасында бірінші орынды жалғыз қатысушы Оңтүстік Кореяның спортшысы Кёнг Сок Ким (KYUNG SOOK KIM) иеленді. Ол күн бұрын бас техникалық делегатқа ASTC атынан қолғабыс еткен төреші болатын.
50 мен 54 жас аралығындағы спортшыларда бірінші орынды 02 сағат 36 минут 14 секунд уақытымен алматылық Талғат Жұмағалиев иемденді. Оған небары 10 секундқа ұтылған Ақтөбе облысының тумасы Владислав Михайлов екінші орыннан көрінді. Ал үшінші орынды тағы да бір алматылық споршы Дәулет Жұмабеков (03 сағат 16 минут 37 секунд) жеңіп алды.
Соңғы жас санаты 55 пен 59 аралығында ерлер жүлделі үш орынды былайша өзара үлестіріпп алды: алтынды Қарабұлақтың спортшысы Бақытжан Бектенов алса, күміс пен қола медальдарды алматылықтар – Байрамбай Наурызбаев пен Әмір Ғали жеңіп алды.
Сайысқа қатысқан он эстафеталық командалар арасында алтынға ALMATYBROTEAM командасы лайық деп танылса, күміс нәтижені (02 сағат 27 минут 22 секунд) Алматы облысынан келген Kaspi Team көрсетті. Оларға бір минуттай ұтылған Sony Team қола жүлдеге ие болды.
Алматыда өткен әуесқойлар жарысындағы жүлделі орындар осылайша іріктелді. Көрініп тұрғандай-ақ, жүлделі орындардың басым бөлігін оңтүстік астанадан келген спортшылар жеңіп алды. Ресми марапаттау рәсімінен кейін барлық атсалысқан жандарды, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген барша спорт сүйер қауымды біріктіретін ортақ естелік фото сурет түсірілді.