Қостанайда спринтерлік жарыс өтті

23 July 2018

22 шілдеде Қостанайда ел аймақтарында триатлонды дамыту аясында Age Group санатындағы спортшылар арасында «спринт» қашықтығында триатлоннан ҚР Чемпионаты өтті. Бұл "TEMIRADAM" Кубогі есебіне кіретін жарыс болып табылады. Жарыста тәжірибесі аз спортшылармен қатар, талай аламан додадан өткен атлеттер де қатысты. Қостанайдың өзінен көп спортшылардың қатысуы ерекше қуантатын жайт болды.

Жарысқа қатысқан 6 эстафеталық команда мен 32 жеке есептегі спортшылар арасында қызу бәсеке болды. Спортшылар Астана, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Степногорск, Жітіқара, тіпті Қарағанды облысының Сәтпаев қаласынан да келген.

Жарыстан соң барлық дерлік спортшылар «спринтерлік» қашықтық көбісіне «стандартты» қашықтықтай ауыр болғанын айтып жатты. Ал оның себебі барлық қатысушылардың жоспарларын өзгерткен Қостанайдың желінде болды. Толқынға қарсы жүзу, желге қарсы велосипед тебу – көбінесе триатлонға жаңадан келген спортшыларға қиын болып жатты, ал кейбірі шыдамай жарысты жалғастырудан бас тартып жатты. Мәселен, жүзу кезеңін Қостанайлық команда өте алмай қалды.

Нәтижесінде ерлер арасында абсолютті жеке есепте үздік нәтижені астаналық Мұрат Әубәкіров көрсетті. Ол 01 сағат 11 минут уақытпен мәреге жетті. Оған екі минут ұтылған қостанайлық Вячеслав Гарнин екінші болса, үш минутқа жеңілген павлодарлық Александр Хитров үшінші орыннан көрінді. Бұл жерде орын алған әр спортшы өз жас санатында бірінші орын алғандарын ескеру қажет. Ал әйелдер жарысында айтарлықтай бәсеке болмады. Жарысқа қатысқан жалғыз әйел – астаналық Әсел Садвокасова мәреге сәтті жетті.

Эстафеталық командалардың жарысында барлық жүлделі орындарды астаналық спортшылар иеленді. Мұнда бірінші орынды «Барлау ЦСКА» 01 сағат 04 минут уақытымен жеңіп алса, оларға 08 секунд жеңілген «Айбын» тобы екінші атанды. Жеңімпаз командаға 02 минут ұтылған «Жауынгерлер» үздік үштіктен көрінді.

Біріншіліктің қорытынды хаттамасын сайтымызда көруге болады.  


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi