Павлодарда «TEMIRADAM» Кубогінің ІІІ кезеңі өтті
Бүгін Павлодар триатлоннан «спринт» қашықтығындағы Age Group спортшыларының арасында «TEMIRADAM» Кубогінің ІІІ кезеңін қабылдады. Астана, Алматы қалалары және Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 31 спортшы «TEMIRADAM» Кубогінің ІІІ кезеңі жеңімпазы атағы үшін аламан додаға түсті.
Термометрлердегі 13°С, таңнан соққан қатты жел мен құйып жауған жаңбыр жарыс қатысушыларының алға қойған жоспарларын өзгертті. Мұндай ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, барлық қатысушылар мәре сызығын аман-есен кесті.
Триатлоннан бірнеше жарыстардың қатысушысы, Астана қаласы Триатлон Федерациясының бас бапкері – Мұрат Әубәкіров жүзу кезеңінің басталысымен-ақ, шамамен 300 метрден соң көш басын өз қолына алып, жарыс аяғына дейін алдына жан салмады. Ақырында Мұрат Әубәкіров абсолютті жеке есепте 01 сағат 09 минут 08 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасындағы абсолютті жеке есепте Павлодар өңірінің тумасы – Татьяна Миргородская 01 сағат 16 минут 08 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Миргородскаяның 750 м жүзу жолын 13 минут 41 секундта жүзіп өтіп, ерлермен қатар үздік бестікте судан жүзіп шыққанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, төрешілер спортшының велокезеңде қатарынан екі рет құлағанын тіркеген болатын. Әйтсе де, Татьяна жарыстан бас тартқан жоқ, намысқа тырысып, мәре сызығына бірінші жетті де жеңімпаз атанды.
18 бен 24 жастағы ерлер арасында 01 сағат 16 минут 18 секунд нәтиже көрсеткен Қарағанды облысының тумасы Дмитрий Машенцев бірінші орынды иеленді. Мәре сызығына Павлодарлық Руслан Шакратов екінші болып жетті. Күміс жүлдегер Шакратов Р. 01 сағат 22 минут 30 секунд нәтиже көрсетті.
Келесі 25 пен 29 жас санатында бар болғаны екі-ақ спортшы бәсекеге түскен болатын. Соңғы рет Алматыдағы жарыста көрінген Александр Хитров 01 сағат 11 минут 05 секунд нәтижесімен бірінші орынды алды. Өз жерлесіне 5 минутқа жеңілген Павел Гацкий күміс алды.
30-34 жас аралығында ерлерде бірінші орын Әубәкіров Мұратқа тиесілі болса, күміс жүлдені Иван Андреев 01 сағат 12 минут 33 секунд қанжығысына байлады. Андреевке 2 минут ұтылған Дәурен Мейірбеков үздік үштіктің қатарына кірді.
Бұл жас санатындағы әйелдерде Татьяна Миргородская бірінші орында болса, 01 сағат 21 минут 56 секунд нәтижесімен Асель Садвокасова екінші орынға жайғасты.
40-44 жасар ерлер және әйелдер арасында бір ғана қатысушылар болды. Алтын медальді жақында Гамбургкте «толық темір» қашықтықты бағындырған астаналық Мұрат Касимов жаулап алды. Ол 01 сағат 11 минут 15 секунд нәтиже көрсетіп, абсолютті жеке есепте екінші болды. Әйелдер арасындағы алтынды Қарағанды облысының спортшысы Инна Вишнякова 01 сағат 23 минут 39 секунд нәтижесімен қоржынына байлап кетті.
45-49 жасар спортшылар санатында Астанадан келген екі спортшы өзара жүлделі орындарды бөлісіп алды. 01 сағат 15 минут 25 секунд нәтижесімен Вадим Шулинов құрметті бірінші орынға жайғасса, оған 12 минутқа ұтылған Ринат Саликжанов екінші болды. Бұл жас санатында әйелдер арасында қарағандылық Татьяна Прилукова ғана бақ сынаған болатын. Ол 01 сағат 30 минут 22 секунд уақытымен жеңімпаз болды.
50-ден 54 жасқа дейінгі санатта Павлодар облысының спортшылары жүлделі орындарды иеленді. 01 сағат 16 минут 43 секунд нәтижесі үшін Канат Шакуов алтын медальға лайық деп танылса, 13 минут айырмашылықпен мәреге жеткен Евгений Архиповқа күміс табысталды.
Ең соңғы 55-59 жас санатындағы «спринтерлік» қашықтықта құрмет төріндегі үш орынға үш қана спортшы таласты. Ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан Азиячемпионы Игорь Бондарь 01 сағат 19 минут 19 секунд нәтижесімен қорытынды хаттамадағы бірінші орынды жеңіп алды. 01 сағат 45 минут 18 секунд нәтижесімен астаналық Хамет Сераев екінші орынды имемденді. Аумаққа атағы шыққан, Мәскеуге дейінгі 3500 км жолды жалғыз өзі велосипедпен өтіп шыққан спортшы – Өміржан Ошанов үшінші орынға лайық деп танылды. Ол бүгін 01 сағат 49 минут 53 секунд нәтиже көрсетті.
Бүгінгі жарыс күні жанкүйерлердің соққан шапалағы мен табысталған медальдан бөлек тағы да басқа жарқын жаңалықпен ерекшеленді. Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев жергілікті «В здоровом теле здоровый дух» бағдарламасы аясында спорт сүйер көп балалы отбасыларға 8 велосипед пен 18 балалар самокатын тарту етті. Мұндай қайырымды қадам бүгінгі триатлон мерекесінің жақсы мәресі болды.