Қарағандыда Қазақстан Республикасы Кубогінің ІІІ кезеңі өтті

8 September 2018

Бүгін Қарағандыда триатлоннан «стандартты» қашықтықта Қазақстан Республикасы Кубогінің ІІІ кезеңі өтті. Жарыста Астана, Шымкент, Алматы және Алматы облысынан келген Elite санатындағы 13 спортшы сынға түсті. Қарағандының ауа райы спортшылардың алға қойған жоспарларына өз талабын қойды – термометрлер 12С белгісіндегі салқындық көрсетіп тұрды. Спортшылардың денсаулығын қорғау мақсатында және ережелерге сай, жарыстың бас төрешісі жүзу кезеңінің ұзақтығын екі есе қысқартты. Сөйтіп, спортшылар талап етілген 1500 метр орнына, 750 метр жүзеді деп шешілді.

Жарыс бастау алғаннан бері 09 минут 52 секунд өтісімен алматылық Кирилл Рожков судан бірінші болып жүзіп шықты. Одан 15 секундқа қалып Семен Пивоваров (Шымкент) пен Георгий Гахокидзе (Алматы) жүзіп шықты. Сайыскерлер веложарысты бастады. Бірақ мұнда да спортшыларды тосын сый күтіп тұрды: жаңбыр жауып кетті.

Вело-кезеңнің басталғаны сол еді, төрешілер ылғал асфальттің кесірінен құлаған спортшыларды аяққа тұрғызып жатты. Мұндай жағдайлардан кейін барлық дерлік сайыскерлер мәреге жете алмады. Ұлттық құрама команда мүшесі, Орталық Азия жасөспірімдерінің чемпионы – Дарын Қонысбаев үш рет құлап, техникалық себептерге байланысты жарысты жалғастыра алмады. Қалғандары 40 км қашықтықты бағындыруға жол тартты.

Веложарыс кезеңін бірінші болып Семен Пивоваров (Шымкент) тәмамдады, ол ізінен қуған бәсекелестерінен біраз озып үлгерген болатын. 2 минут айрмашылықпен Сабыржан Қосақ (Шымкент) пен Әнуар Тұрыбаев (Алматы) екінші транзиттік зонадан көрінді. Аталмыш үштік осы құраммен жүгіру кезеңін бірінші болып аяқтап, мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша, 02 сағат 56 секунд нәтижесімен Семен Пивоваров бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға 01 минут 5 секунд жеңілген Сабыржан Қосақ екінші орынға орналасты. 02 сағат 04 минут 30 секундта мәреге жеткен Әнуар Тұрыбаев үздік үштікті тұйықтады.

Бүгінгі ҚР Кубогі ІІІ кезеңінде сынға түскен Elite санатындағы әйелдер арасында оңтүстік астанамыздан келген спортшы қыздарымыз құрметке бөленді. 02 сағат 24 минут 35 секунд нәтижесімен Ғазиза Кумакбаева алтын алды. Ол жарыс бойы көшті бастап, бәсекелестерінің біріне де жол бермеді. 02 сағат 26 минут 39 секунд уақыт көрсеткен Дарья Бычкова екінші жүлделі орынға ие болды. Қашықтықты 02 сағат 41 минут 58 секундта бағындырған Әйгерім Нұрғали қола жүлдеге лайық деп танылды.

ҚР Кубогі аясында бақ сынаған Elite санатындағы спортшылар үшін 2018 жылғы маусымның финал алды жарысы осындай нәтижелермен аяқталды. Жарыстың қорытынды хаттамасымен сайтымыздан таныса аласыздыр.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi