Қостанайда триатлоннан ҚР Чемпионаты өтті

23 July 2018

21 шілдеде Қостанайда триатлон бойынша Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Чемпионатта Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан, және де Алматы мен Астана қалаларынан келген 62 спортшы қатысты. Жарыс күні бойы әр санаттағы спортшылар түрлі қашықтықтарда бақ сынасты. Сөйтіп, жарыс Elite (ерлер мен әйелдер) санатындағы спортшылардың «стандартты» қашықтықтағы жарысынан басталып, U19 спортшылары «спринт» қашықтығындағы жүлделі орындарға таласты. Содан кейін U17 және U15 санатындағы жас триатлоншылардың «супер-спринт» қашықтығындағы жарысын тамашаладық.

Жақын арада Чолпон-Атада өткен Орталық Азия Чемпионатында жеңімпаз атанған Аян Бейсенбаев, Мейірлан Ысқақов, Семен Пивоваров пен Дарын Қонысбаев секілді фавориттер Elite санатындағы ерлердің «стандартты» қашықтықтағы жарысының басынан-ақ көріне бастады. Ал әйелдерде Ыстық көлдегі Азия Кубогінде бірінші болған Арина Шульгина, Орталық Азия чемпионы Анастасия Автушко жарыс жүлдесінен үмітті еді.

Триатлондағы қандай да болмасын қашықтық кез-келген спортшыға қатаң талаптар қойса, бүгінгі жарыс күні күшейген жел тәжірибелі спортшылармен қатар, тәжірибесі аз спортшыларға да үлкен сынақ болды. Дегенмен, барлық спортшылар өз мақсатына жетіп, мәреге сызығын сәтті кесті.

Elite санатындағы ерлерде «стандартты» қашықтықты ОА Чемпионы Аян Бейсенбаев мәреге бірінші жетсе, ОА жасөспірімдерінің чемпионы Дарын Қонысбаев екінші болып мәреге келді. Соңғы ОА чемпионатында қола алған Семен Пивоваров бұл жолы да қола жүлдеге лайық болды. Аян Бейсенбаев жарысты 02 сағат 01 минут 11 секундта өтсе, 22 секунд айырмашылықпен Дарын Қонысбаев мәреге келді. Бұл спортшылар арасында болған бәсекенің ауыр болғанын көрсетеді. Ал әйелдерде Надежда Бекмаганбетова (Ақмола облысы) мәреге бірінші келсе, алматылық Ғазиза Кумакбаева екінші болды. Шымкент қаласының тумасы Анастасия Автушко үздік үштікті тұйықтады.

U19 санатындағы «спринтерлік» қашықтықта ерлерде жүлделі орындар Ақмола облысының тумаларына бұйырды – Никита Курганский, Владислав Скляров пен Владислав Иванов үздік үштік атанды. Бұл санаттағы әйелдерде бірінші және екінші орындарды жақында Көкшетауда өткен жарыстың жеңімпаздары – Ашраф Камалова мен Яна Зимницкая алды. Қостанай облысынан келген Яна Морозоваға қола жүлде табысталды.  

U17 санатындағы ерлер «супер-спринт» қашықтықтағы жүлделі орындарды тағы да Дэнис Туницкий алды. Он үш және он алты секунд айырмашылықпен мәреге Даниил Зубцов пен Әлихан Әбусейіт жетті. Аталмыш санаттағы әйелдер арасында үздік орындарды – Наталья Короткова, Бибіжан Қалдыханова мен Дарья Арцыбасова жеңіп алды.

Жарыс күнінің аяғына қарай жасы ең кіші сайыскерлер U15 санатындағы жасөспірімдер додаға түсті. «Супер-спринт» қашықтығындағы жасөмпірімдер арасында Виталий Белов көш бастаса, Асатбек Нарметов екінші болды. Илья Шигапов үздік үштікке кірді. Ал әйелдер арасында Анастасия Захарова үздік болып шықты. Екінші және үшінші орындарды Арина Пихидько мен Аружан Аманжолова иеленді.

Чемпионаттағы жалпы командалық есепте бірінші орынды Ақмола облысының спортшылары иеленді. Олар барлық санатта үздік нәтижелер көрсетті. Чемпионат қатысушыларының нәтижелерімен сайтымызда танысуға болады.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi