Қарағандыда триатлоннан V Жазғы спартакиада өз мәресіне жетті

21 July 2019

Бүгін Қарағандыда Қазақстан Республикасының триатлон бойынша V Жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті. Спартакиадада Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан, Ақмола, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 6 команда сайысты. Бұл командалардың құрамына кірген спортшылардың есімдері алғашқы Mixed Relay дисциплинасында сынға түскен сайыскерлер ретінде қазақстандық кәсіби триатлон тарихында қалатын болды.

Әрбір команданың құрамына Elite санатындағы төрт спортшы (2 әйел + 2 ер) кіріп, олардың әрқайсысы 250 м жүзу, 6,6 км веложарыс және 1600 м жүгіруден тұратын қашықтықты бағындырды. Жарыс күні қарағандыда тұрған отыз градустық аптап ыстық спортшыларға оңай көрінген қашықтықты қиындатып жіберді.

Әйтсе де, бәсеке бар жерде жеңіс те болады. Бұл додада құрамына Надежда Бекмағанбетова, Аян Бейсенбаев, Ашраф Камалова және Мейрлан Искаков кірген Ақмола облсының командасы жеңіске жетті. Команда 1 сағат 29 минут 13 секунд нәтиже көрсетті. Екінші орынға Шымкенттік команда орналасты. Бибіжан Қалдыханова, Даниил Зубцов, Хафиза Гультураева мен Семен Пивоваров сайыс кезінде бірлесе жұмыс істеп, 1 сағат 40 минут 13 секунд нәтижесімен күміс жүлделерге ие болды. Үздік үштікті Түркістан облысының құрамасы тұйықтады. Оның құрамында Милена Саприна, Медет Нұрғалиев, Аружан Аманжолова мен Ерасыл Аманжолов болды. Үшінші құрама нәтижесі – 1 сағат 43 минут.

Одан кейін “TEMIRADAM” Кубогінің VII кезеңінің рейтингтік ұпайларын ортаға салған әуесқой спортшылар шахтерлер қаласының трассасын сынауға шықты. Нұр-Сұлтан, Шымент, Мәскеу, Ташкент және Қарағанды облысынан келген 38 спортшы және 2 эстафеталық команда «спринтерлік» (750 жүзу, 20 км вело, 5 км жүгіру) қашықтықты бағындырды.

Трассаның ерлер арасындағы абсолютті үздік нәтижесін күншуақты Ташкенттен келген Андрей Шарипов көрсетті. Оның уақыты – 1 сағат 2 минут 30 секунд. Ал сайыскер әйелдер арасындағы үздік нәтижені 2018 жылғы “TEMIRADAM” Кубогінің иегері Асель Садвокасова (Нұр-Сұлтан) көрсетті – 1 сағат 23 минут 7 секунд. Сонымен қатар, екі спортшы да 2018 жылғы сайыстың абсолютті жеңімпаздары атанды. Командалық есепте 1 сағат 11 минут 6 секунд нәтиже көрсеткен Қарағанды облысының Drive Team командасы бірінші орын алды.

Сайыстың нәтижелерімен www.triathlon.org.kz сайтында танысуға болады.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi