Павлодарда Қазақстан Республикасы Кубогінің бірнеше кезеңдері өтті
Бүгін Павлодарда бірнеше жарыстар өткізілді: Elite санатындағы спортшылар арасында «спринт» қашықтығындағы ҚР Кубогінің ІІ және ІІІ кезеңдері, «супер-спринт» қашықтығында ҚР Кубогінің ақтық кезеңі. Жарысқа Алматы және Алматы облысы, сонымен қатар Ақмола, Павлодар, Қостанай, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келген 50 спортшы қатысты. Павлодардағы ауа райы аса ыстық болмай, қызыққа толы жарыс өткізуге жағдай жасады. Термометрлер 22°С нөлден жоғары дәрежені көрсетіп тұрды.
Сөреге бірінші болып Elitе санатындағы ерлер мен әйелдер «спринт» қашықтығында бақ сынасуға шықты. Бұл санатта ерлер арасында бар болғаны үш спортшы болды: жақында ғана Ыстықкөлде Орталық Азия жесөспірімдер чемпионы атағын алған – Дарын Қонысбаев, Көкшетауда өткен спринтерлік қашықтықтағы ҚР Кубогінің І кезеңінің жеңімпазы – Арман Қыдыртаев және де сол кезеңнің қола жүлдегері – Роман Плешков.
Жүзу кезеңінен кейін үштік бір-бірінен аса озып кете қоймады: судан бірінші болып 10 минут 34 секунд уақытымен Арман Қыдыртаев шықса, Роман Плешков бір ғана адым артта қалып келді. Ал Дарын Қонысбаев небары 30 секунд артта қалған болатын. Бұл үштік вело-кезеңге өту үшін 30 ғана секунд жұмсап, өздерінің үлкен тәжірибе жинаған спортшы екендігін көрсетті. Вело-кезеңнің 20 км жолын 31 минут 09 секундта бірінші болып аяқтаған Дарын Қонысбаев өз шеберлігін көпшілікке паш етті. Дегенмен, Арман Қыдыртаев пен Роман Плешков Қонысбаевқа оңай жол бермейтіндерін білдірді. Олар тек 20-30 секундқа қана қалып келді. Бұл жерде вело-кезеғнен жүгіру кезеіңіне өту үшін Арман Қыдыртаев небары 8 секунд қана жұмсағанын атап өткен жөн.
Әйтсе де, соңғы 5 км жүгіру аталмыш үштікте кім мықты, кім нағыз жеңімпаз екендігін анықтады. Ақырында Дарын Қонысбаев мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол бүкіл қашықтықты 59 минут 26 секундта бағындырды. Оған 2 минут жеңіліп, мәреге Арман Қыдыртаев келді. Жеңімпазға 4 минут ұтылған Роман Плешков қола жүлдені иеленді.
Бұл санаттағы әйелдер арасында да жүлделі орындарға үш қана спортшы таласты: кеше ғана Алматыда өткен триатлоннан Азия Кубогінің қатысушысы, көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы Ашраф Камалова, және де оның жерлесі Надежда Бекмаганбетова, Павлодар триатлон мектебінің өкілі Ольга Богомольская. Жарыс басталысымен Ашраф Камалова қарсыластарының алдында өз шеберлігін көрсете отырып, 01 сағат 07 минут 03 секунд уақытымен жеңіске жетті. Осылайша, Ашраф Камалова қатарынан екі кезеңнің жеңімпазы атанды. Камаловаға 2 минут жеңілген Надежда Бекмаганбетова күміс жүлдеге лайық деп танылды. Надежда бұл қашықтықта жыл бойы тұрақты нәтиже көрсетіп жүргенін айта кетейік: алдыңғы Көкшетауда өткен бірінші кезеңде 23 жасқа дейінгі санатта шықса да, ол 01 сағат 09 минут 33 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанған болатын. Ольга Богомольская болса 01 сағат 26 минут нәтиже көрсетіп үшінші болып мәреге жетті.
U-23 санатындағы спортшылар үшін Павлодардағы сайыс ҚР Кубогінің екінші кезеңі болып табылады. Бірінші кезең Көкшетауда өткен болатын. Бұл санаттағы «спринтерлік» қашықтықтағы алтын медальді Ақмола облысының тумасы Владислав Иванов 01 сағат 02 минут 53 секунд нәтижесімен жеңіп алды. В. Иванов Көкшетауда өткен бірінші кезеңде күміс жүлдегер болғанын атап өтейік. Бұл санаттағы күмісті 01 сағат 04 минут 50 секунд уақытымен Роман Афанасьев алды. Үздік үштіктің қатарына 01 сағат 11 минут 18 секунд нәтижесімен Павлодар триатлон мектебінің өкілі Дмитрий Щеглов көрінді.
U-19 жас санатында «спринтерлік» қашықтықта ерлер де, әйелдер де сайысқа шықты. Қорытынды протколда бірінші орынды 01 сағат 01 минут 30 секунд нәтижесімен Даниил Зубцов жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Ақмола облысының спортшылары Никита Курганский мен Владислав Скляров иеленді. Курганский Н. Даниил Зубцовқа небары 24 секунд жеңілсе, Скляров В. 01 сағат 03 минут 14 секунд уақытын көрсетті.
Бұл санаттағы әйелдер арасында болған сайыстың нәтижесі Көкшетауда болған бірінші кезеңнің нәтижесімен пара пар келді. Алтынды Ақмола облысы триатлон мектебінің өкілі – Яна Зимницкая алды. Зимницкая Я. бұл жолы өз нәтижесін жақсартып, 01 сағат 11 минут 07 секунд көрсетті. Мәреге Алматылық Владислава Артюшенко екінші болып келсе, Яна Морозова үшінші болып келді.
U-17 санатында 9 ер, 3 әйел спортшы өздері үшін ҚР Кубогінің ІІІ кезеңінің «спринтерлік» қашықтығын бағындыруға шықты. Ерлер арасында Ақмола облысының тумасы Дэнис Туницкий 59 минут 55 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орынды Түркістандық Ерасыл Аманжолов алса, үшінші орынды оның жерлесі Әлихан Әбусейіт жеңіп алды.
Қыздар арсында 01 сағат 10 минут 04 секунд нәтижесімен Наталья Короткова (Ақмола облысы) алтын алды. Оған 12 минутқа жеңілген Түркістандық Бибіжан Қалдыханова күміс жүлдегер атанды. Қола жүлдені қостанайлық Дарья Арцыбасова қанжығасына байлады.
Бүгінгі күннің ең үлкен сайысы – «супер-спринт» қашықтығындағы ең кіші жас санатындағы спортшылар арасында орын алды. 14 жасөспірім жігіттер мен 5 қыздар сынға түскен бұл жарыста, бәсеке қатты болды. Спортшылар мәренің соңғы метрлеріне дейін жүлделі орындарға таласты. «Супер-спринт» қашықтығындағы ҚР Кубогінің жеңімпазы атағына 25 минут 56 секунд уақыт көрсеткен Түркістан облысының тумасы Асатбек Нарметов лайық болды. Ақмола облысының спортшысы Мұрат Жәкен бәсекелесіне небары 3 секундқа жеңіліп, екінші орынды алды. Бір минут өте келе Виталий Белов (Ақмола облысы) мәре сызығын кесіп, қола жүлдені иеленді.
31 минут 34 секунд уақыт көрсеткен Анастасия Захарова (Ақмола облысы) қыздар арасындағы жеңімпаз атанды. А. Захарова ҚР Кубогінің барлық дерлік кезеңдерде жүлдегерлер қатарынан көрініп: Шымкентте өткен бірінші кезеңде қоланы жеңіп алса, Көкшетауда өткен екінші кезеңде алтын алды, енді, міне, Павлодарда тағы алтын алып, өзінің нағыз жеңімпаз екенін дәлелді. Захароваға 1 минуттай ұтылған Арина Пихидько екінші болды. 33 минут 19 секунд нәтижесімен Камила Темербекова (Ақмола облысы) үздік үштікті тұйықтады. Мәреге бірінші келген Хафиза Гультураева вело-кезеңде жолды қасақана қысқартқаны үшін бас төреші шешімімен дисквалификация алды.
Павлодарда өткен Elite санатындағы спортшылар арасында өткен бірінші жарыс күні осындай бәсекеге толы күн болды. Ендігіде Elite және U23 санатындағы спортшыларды Қарағандыда өтетін ҚР Кубогінің үшінші кезеңінен көретін боламыз.