Таразда триатлоннан ҚР Кубогінің ІІ кезеңі мәресіне жетті

11 May 2019

Бүгін Тараз қаласының Зербұлақ су қоймасы жағалауында Elite санатындағы (кәсіпқой) спортшылар арасында триатлоннан ҚР Кубогі ІІ кезеңі мен U23, U19 санатындағы спортшылар арасында ҚР Чемпионаты өтті. Додада Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, Түркістан, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Қостанай облыстарынан келген 68 кәсіпқой спортшы бақ сынады.

Тараздың ауа-райы сайысқа бірінші шыққан Elite санатындағы спортшылар сайысының ойдағыдай өтуіне ыңғайласты. Олар «спринт» қашықтығында, яғни 750 м жүзу, 20 км веложарыс пен 5 км жүгіруден тұратын қашықтықта мықтыны анықтады. Ең үздік нәтиже 1 сағат 1 минут 59 секундты көрсеткен Ануар Турубаев (Алматы) абсолютті жеңімпаз атанды. Екінші орын үшін өткен қызу таласта Кирилл Рожковтың (Алматы) бағы жанды. Ол 1 сағат 2 минут және 47 секунд нәтиже көрсетті. Оған бірнеше секунд қана жеңілген Александр Автушко (Шымкент) үздік үштікті тұйықтады. Осы санаттағы әйелдер арасында жүлденің барлығын оңтүстік астанамыздан келген спортшы қыздар қанжығасына байлады. 1 сағат 9 минут 43 секунд нәтиже көрсеткерн Дарья Бычкова бірінші орынды иемденді. 1 сағат 10 минут 45 секунд уақыт көрсеткен Юлия Озерова екінші атанса, 1 сағат 11 минут 12 секунд нәтижесімен Газиза Кумакбаева үшінші болды.

Келесі кезекте сөре сызығына біршама жас спортшылар шығып, «супер-спринт» қашықтығында – 300 м жүзу, 8 км велокезең және 2 км жүгіруде мықтыны анықтады. Күшейіп кеткен желге қарамастан, спортшылардың барлығы мәреге сәтті жетті. Elite санатында өзінің қас шебер екендігін Даниил Зубцов (Шымкент) дәлелдеді. Оның уақыты – 27 минут 15 секунд. «Күміс» алқаны 30 минут 13 секунд уақыт көрсеткен Азиз Нурлан (Шымкент) алды. 30 минут 46 секундта мәреге жеткен Даниил Блок (Ақмола облысы) үшінші орыннан көрінді.

23 жасқа дейінгі спортшылар санатында өз шеберлігін Никита Курганский (Ақмола облысы) паш етті. Уақыты – 27 минут 17 секунд. Оған 11 секунд ұтылған командаласы Владислав Иванов (Ақмола облысы) екінші атанды. 30 минут 4 секунд нәтижесі үшін Владислав Кудин (Шымкент) үшінші орын алды. Ал осы санаттағы қыздар арасындағы жүлделі орынның барлығын Ақмола облыстық триатлон мектебінің түлектері жеңіп алды. 29 минут 21 секунд нәтижесімен Ашраф Камалова (Ақмола облысы) жеңіс тұғырынан көрінсе, жүлделі екінші орынды Надежда Бекмаганбетова иеленді. Оның уақыты – 30 минут 23 секунд. Мәреге үшінші болып Яна Зимницкая (31 минут 18 секунд) жетті.

19 жасқа дейінгі ең кіші жас санатындағы атлеттер арасында ерекше бәсеке байқалды. Өз қарсыластарының бәрінен озып, бүгінгі жалпы «супер-спринттегі» үздік нәтижені Алихан Абусейт (Шымкент) көрсете білді – 26 минут 52 секунд. Оған 23 секунд жеңілген Ерасыл Аманжолов (Түркістан облысы) екінші атанды. Мәреге 38 секундқа кешіккен Рашид Романчук (Ақмола облысы) «қолаға» лайық деп танылды. Бұл санаттағы қыздар арасында 30 минут 19 секунд нәтижесімен Наталья Короткова (Ақмола облысы) үздік болып шықты. Оның жерлесі Анастасия Захарова 33 минут 21 секунд уақыт көрсетіп, екінші болды. Қорытынды хаттамадағы үшінші жүлделі орын 35 минут 7 секунд нәтижесі үшін Аружан Аманжоловаға (Түркістан облысы) бұйырды.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi