Алматыда алғаш рет "ALMATY ASIAN CUP 2018" өтеді

2 August 2018

4-5 тамызда Алматы қаласында «Almaty Asian Cup 2018» атты триатлоннан құрлықтық Азия Кубогі өтеді. Кубок құрамына 22 ел кіретін Азия триатлон конфедерациясының (ASTC) бастамасымен жүргізіледі.

Жарыстың нәтижесі бойынша ұйымдастырушылар ең мықты спортшыларды анықтап, қазақстандық триатлоншылардың шеберлігін арттырып, триатлонды спорт түрі ретінде Қазақстан Республикасында насихаттауды жоспарлап отыр.

Жарыстың бірінші күні Бельгия, Гонконг, Украина, Аустралия, Сирия, Люксембург, Венгрия, Аустрия, Оңтүстік Корея, Тайпей, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Жапония және Қазақстан секілді елдерден келген спортшылар сынға түсетін болады. Кәсіби спортшылар «спринт» қашықтығын, яғни 3 кезеңнен - 750 м жүзу + 20 км велокезең + 5 км жүгіруден тұратын қашықтықты бағындырмақ.

Бұл санаттағы ерлер арасында Қазақстан намысын: Аян Бейсенбаев, Темірлан Теміров, Дарын Қонысбаев, Мейірлан Ысқақов, Семен Пивоваров, Максим Крят, Александр Автушко мен Сабыржан Қосақ қорғайтын болады. Ал әйелдер арасында Арина Шульгина, Анастасия Автушко, Ашраф Камалова, Надежда Бекмағанбетова, Яна Морозова мен Ғазиза Кумакбаева сайысатын болады.

5 тамызда Age Group санатындағы спортшылар «стандартты» қашықтықты, яғни 1,5 км жүзу, 40 км велокезең мен 10 км жүгіруден тұратын жолда бақ сынасатын болады.

Бүгінгі таңда жарысқа тіркелу аяқталып қойған. Сайысқа Elite санатындағы 58 спортшы, оның ішінде 41 ер және 17 әйел атлеттер тіркелген. Ал Age Group санатындағы тіркелген спортшылар саны 193-ке жетіп, оның ішінде жеке есепте 163 спортшы болса, топтық есепте 10 эстафеталық команда бар.

Осынша ауқымды спорттық іс-шараның өткізілу орны ретінде Сайран көлі таңдалып отыр.

«Бұл демалыста оңтүстік астанамыз үлкен триатлон мерекесін қабылдайтын болады, - деп баяндайды Қазақстандық Триатлон Федерациясының Бас хатшысы Максим Крят. – Алматы триатлоннан «спринт» қашықтығындағы Азия Кубогінің кезеңін қабылдағалы отыр. Мұндай үлкен ауқымдағы триатлондық іс-шара қалада тұңғыш рет болғалы отыр. Сайран көлінің айналасында бүтіндей спорт қалашығы салынды. Қазақстандық Триатлон Федерациясы Алматы қалалық Триатлон Федерациясымен және де қала әкімдігімен бірлесе отырып, жарыстың қажетті жоғары деңгейде өтуіне бар күшін салуда. Сонымен қатар, ұлттық құрама команданың спортшылары бұл сайысқа тыңғылықты дайындалды. Командамыздың көшбасшылары – Аян Бейсенбаев, Дарын Қонысбаев пен Арина Шульгина бұл жарысқа оңтайлы физикалық формада келді. Спортшыларымыздың жеңісін күтеміз!»

Сонымен бірге, жақында Алматыға келген Азия Триатлон Конфедерациясының (ASTC) техникалық делегаттары Баямба Тсагаанбаатар және оның көмекшілері жарыс өткізілетін орынға барып жиналыс жасады. Делегаттар дистанция ұзақтығын өлшеп, су құрамы мен температурасының ережелерге сәйкестігін тексерді. Кездесу нәтижесінде халықаралық мамандар жарыстың өткізілу объектісінің ITU халықаралық талаптары мен стандарттарына сай екендігіне көз жеткізді.

- Біз бүгін Алматыда алғаш рет болғалы отырған Азия Кубогінің жүзу, жүгіру және вело кезеңдерінің объектісін тексеріп шықтық, - дейді Баямба Тсагаанбаатар мырза. – Біздің көңілімізден шыққан әуелгі нәрсе - ұйымдастыру деңгейі біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары болып шықты. Бұл - қуанышты жағдай. Тағы бір қуантатын жайт – Қазақстан өз жерінде триатлонды дамытуға үлкен жоспарлар құрып отыр және Әлем Кубогі секілді ауқымды іс-шара өткізу мақсатын ұстанып отыр. Бұл құрлықтық жарыс алдымызда келе жатқан Азия ойындарының фавориттерін анықтауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін!

Халықаралық делегаттың мұндай жоғары бағасынан кейін, өткелі отырған Азия Кубогі алып шаһардың орталығындағы Сайран көлінің дәрежесін көтеріп, ол оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналарына кәміл сенеміз.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi