2 АЛТЫН ЖӘНЕ 3 КҮМІС: ҚАЗАҚСТАН ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЗИЯ КУБОГЫНЫҢ ТҰҒЫРЫНДА
Түркістан, 9 тамыз 2026 жыл. Түркістанда Asia Triathlon Cup Turkestan 2026 халықаралық турнирінің екінші кезеңі аяқталды. Бірінші кезең 20–21 маусымда Астанада өткен болатын.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар бес медаль — екі алтын және үш күміс жеңіп алып, Азия Кубогының үйдегі кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыс 8–9 тамыз күндері Ескек есу арнасында өтті. Турнирге 120-дан астам кәсіби спортшы, 100-ге жуық Age Group санатының қатысушысы және 11 командалық эстафета қатысты. Жарысқа Қазақстан, Болгария, Ирландия, Оңтүстік Корея, Украина, Түркия, Беларусь, Тайвань, Австралия және Филиппин спортшылары қатысты.
Elite санатындағы спортшылар олимпиадалық қашықтықта — 1500 метр жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіруден бақ сынады.
Қазақстан үшін осы санаттағы басты нәтиже — Арлан Жанабайдың күміс жүлдесі. Ол жарысты 1:47:07 нәтижесімен аяқтады.
Арлан жеңімпаздан небәрі 29 секундқа қалып қойды. Бірінші орынды AIN спортшысы Роман Минеев — 1:46:38 нәтижесімен иеленді. Үшінші орын Жапония өкілі Рен Сатоға — 1:47:23 бұйырды.

Әйелдер арасындағы Elite санатында жеңісті Hanna Maksimava — 2:05:17 нәтижесімен иеленді. Екінші орын — Gayeon Park (2:06:21), үшінші орын — Alina Khakimova (2:07:23).

Турнир аясында Asia Triathlon Junior Cup Turkestan 2026 жарысы да өтті.
Жасөспірімдер суперспринт қашықтығында — 300 метр жүзу, 6,6 км веложарыс және 2 км жүгіруден жарысты.
Ерлер арасында Қазақстан спортшылары алтын дубль жасады. Рамазан Айнегов 21:59 нәтижесімен жеңімпаз атанса, Гор Депершмидт 22:04 нәтижесімен күміс жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасында да қазақстандық спортшылар қос жүлде иеленді. Алуа Нурмухамед 25:26 нәтижесімен алтын медаль жеңіп алса, Калерия Шнайдер 25:48 нәтижесімен күміс жүлдегер атанды.
Asia Triathlon Cup Turkestan 2026 аясында паратриатлон бойынша да жарыстар өтті. Бағдарламада жеке есеп және төрт эстафеталық команда қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік берілді.

Паратриатлон жарыстарының өткізілуі Түркістандағы Азия Кубогы бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, триатлонды қолжетімді әрі инклюзивті спорт түрі ретінде дамытуға бағытталған жұмыстарды көрсетті.
Осылайша, қазақстандық спортшылар Түркістандағы турнирді бес медальмен — екі алтын және үш күміспен аяқтады.
Қазақстанда осындай деңгейдегі халықаралық жарыстардың өткізілуі отандық спортшыларға құрлықтың мықты триатлеттерімен өз алаңында бәсекеге түсіп, халықаралық тәжірибе жинауға және әлемдік рейтингтегі жоғары позициялар үшін күресін жалғастыруға мүмкіндік береді. Түркістандағы бес медаль — екі алтын және үш күміс — Қазақстан құрамасының жарқын нәтижесі әрі ұлттық триатлонның LA28 Олимпиадасына апарар жолындағы тағы бір маңызды қадам.
Рус
Eng






