Шымкент-Ташкент сайысы коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылды

13 March 2020

Құрметті достар!

Бүгінгі күннен, яғни 13 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық іс-шараларды өткізуге ресми түрде тыйым салынды. Осы себепті 11-12 сәуірде Шымкент-Ташкент қалаларында жоспарланған көптен күткен CATA International Triathlon сайысының өткізілу күнінің белгісіз уақытқа кейін қалдырылғанын жариялауға мәжбүрміз.

Осы уақытқа дейін біз пандемияға қатысты жағдайды бақылаумен болдық. Халықаралық Триатлон Одағы (ITU) Сарасотадағы (АҚШ) триатлон мен паратриатлоннан Әлем Кубогі және Миланда (Италия) жоспарланған паратриатлоннан Әлем Чемпионатының мерзімін ауыстырды. Сонымен қатар, 14 наурызға жоспарланған Ла Пастағы (Мексика) паратриатлоннан Панамерика Чемпионаты, юниорлар арасындағы Солтүстік Америка Чемпионаты мен Панамерика Кубогінің болмайтындығы туралы жарияланды. Соңғысында ұлттық құрама мүшелері додаға түсуі тиіс еді.

Соңғы уақытқа дейін жағдай ушықпайды деп үміттеніп, бірінші трансұлттық додамызға қарқынды дайындалған болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келді. Бұл дегеніміз – мемелекеттік органдармен жұмыс, техникалық шешімдер, кәдесыйлық өнімдерді шығару және т.б. Алайда біз форс-мажорға қарсы тұра алмаймыз.

Осы доданы асыға күтіп, тыңғылықты дайындалған әрбір тіркелген спортшы біздің бұл шешімізбен келіседі деген ойдамыз. Өйткені, әрбір спортшының, ұйымдастырушының, ресми өкілдер мен жанкүйерлердің қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі ҚТФ-ның басты приоритеті.

Біз әрі қарай ауыспалы жағдайды бақылай отырып, Шымкент-Ташкент додасының жаңа тағайындалған күнін міндетті түрде сіздерге жариялайтын боламыз.

 

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi