Триатлон түрлері мен қағидалары
Триатлон – мультиспорттық жарыс, мұнда қатысушылар үздіксіз және рет-ретімен үш кезеңнен: жүзу, веложарыс пен жүгіруден өтеді. Қазіргі триатлонның тұжырымдамасы Францияда ХХ ғасырдың басында пайда болды. «L’Auto» газетінде «Les Trois Sports» деп аталатын жарыс туралы хабарланған, оның шарты – үш кезеңнен өту: 3 км – жүгіру қашықтығы, 12 км – велосипед жарысы және Марна арнасын жүзіп өту. Барлық үш кезең де еш үзіліссіз өтілуі тиіс. Уақыт өтісімен, өтуге қажетті қашықтық тек ұлғая берді. Бүгінгі таңда Олимпиадалық бағдарламаға енетін триатлонның неғұрлым әйгілі түрленуі, өз ішінде, жүзу, веложарыс пен жүгіру кезеңін қамтитын түрі болып табылады. Триатлон спорттың жеке түрі ретінде дами бастаған шағында жүзу кезеңі соңғы болатын. Болжам бойынша, веложарыс пен жүгіруден шаршаған атлеттер суда дем алады. Алайда, жарысқа қатысатын спортшылардың саны ұлғайған сайын, атлеттер өміріне қауіп төндіретін сәттер де ұлғая түсті. Жүгіру мен велосипедпен жүруден шаршаған бұлшық еттер суда сіңір тартатын. Сондықтан жүзу кезеңін жарыстың басына ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Жалпы, триатлонның көптеген түрлері бар. Анағұрлым танымал ретінде ITU (International Triathlon Union) және WTC (World Triathlon Corporation) бастамасымен өтетін түрлері боп саналады.
International Triathlon Union (ITU) – 1989 жылы триатлон бойынша жарыстарды басқару органы ретінде құрылды. Бірінші конгресте триатлонның қалыпты қашықтығының ұзындығы бекітілді, кейіннен оған Олимпиадалық деген атау берілді.
ITU-мен өткізілетін жарыс қашықтықтарының негізгі түрлері:
ITU Суперспринт: жүзу — 300 м, веложарыс — 8 км және кросс — 2 км
ITU Қысқа қашықтық (спринт): жүзу — 750 м, веложарыс — 20 км және кросс — 5 км
ITU Олимпиадалық қашықтық: жүзу — 1500 м, веложарыс — 40 км және жүгіру — 10 км
ITU Long distance ұзын қашықтық (екі еселі және үш еселі Олимпиадалық қашықтық): жүзу — 3-4 км, веложарыс — 80-120 км және жүгіру — 20-30 км
World Triathlon Corporation (WTC) – өз алдына коммерциялық жоба болып табылады, ол Ironman, Ironman 70.3 жарыстарын, сондай-ақ 5150 триатлоны бойынша старттар сериясын ұйымдастырады, алға жылжытады және лицензиялайды. WTC сондай-ақ "Ironman" байланысты көптеген сауда брендтерінің иесі болып табылады. WTC-пен өткізілетін жарыстардағы қашықтықтардың негізгі түрлері:
WTC 5150 сериясы: жүзу — 1500 м, веложарыс — 40 км (көшбасшылыққа тыйым салынған) және жүгіру — 10 км
WTC 70.3 немесе Half-Ironman («Жартылай темір адам», «Жартысы»): жүзу — 1,93 км, веложарыс — 90 км және жүгіру — 21 км
WTC Триатлон Ironman («Темір адам»): жүзу — 3,86 км, веложарыс — 180 км және марафондық жүгіру — 42,195 км
Жарыс кезеңдері
Жүзу:
Жарыс жүзуден басталады. Барлық қатысушылардың жағалаудан, понтон немесе тура судан (ұзын триатлонда) жаппай старт алуы жүргізіледі. Судың температурасы төмен болған жағдайда (IRONMAN триатлон қағидасы бойынша әдетте 24,5°С жоғары емес), қалыңдығы 5 мм гидрокостюмдердің қолданылуына рұқсат беріледі. Әдетте жүзу жарысы үшбұрышты бағыт бойынша жүргізіледі, оны қалқыма белгілермен және арқанмен белгілеп қояды. Бағыт ұзындығын әр рет өз еркімен қысқартуы үшін айып ұпайы беріледі, тіпті жарыстан шығарып тастауы да мүмкін. Спортшылар өздерінің қалауы бойынша жүзудің кез келген стилін пайдалануға құқылы. Әдетте – бұл кроль.
Велосипед жарысы
Судан шыққан соң, спортшылар транзиттік аймақта киімдерін ауыстырады, велосипедке отырады, бұл жерде велосипед кезеңі басталады. Қашықтық бойында тамақтану орындары орналасқан, алайда кәсіпқойларға техникалық көмек көрсетуге тыйым салынған. Қысқа триатлонда топтық жарысқа арналған кәдімгі шосселік велосипедтер қолданылады. IRONMAN триатлонында кәсіпқойлар велоспортта жеке жарысқа арналған велосипедтерге ұқсастарын қолдануды жөн көреді. Халықаралық триатлон федерациясының (ITU) қағидалары бойынша, шосселік велосипедтерде рөлге монтаждалған қысқа «жатақтарды» пайдалануға рұқсат етілген. «Жатақ» тежеу тұтқаларының шеткі бөліктерін жалғайтын сызықтың алдына шығып кетпеуі тиіс. «Жатақтың» өзінде ешқандай шығып тұратын бөлшектері болмауы тиіс, не болмаса «жатақтың» шығып тұратын бөлшектері жалғастырғышпен қосылуы тиіс (пластикалық ендірме немесе жай ғана бірнеше қабат изолентамен). Уақытқа байланысты жеке жарыстардағы велосипедттерде пайдаланылатындарға ұқсас ұзын «жатақтарға» тыйым салынған. Бұл, әрине, түсінікті, өйткені қысқа триатлонда «жатақтардан» еш пайда жоқ, бұл жерде өз аэродинамикаңды жай ғана алдында келе жатқан спортышының артына тасаланып жүріп жақсартуға болады. Олимпиадалық триатлондағы велокезеңде көш бастауға рұқсат берілген, яғни, спортшылар топпен жүре алады. Ironman триатлонында көшбасшылыққа тыйым салынған, спортшы алдында келе жатқан велосипедтен немесе төрешілердің машинасынан белгілі қашықтықта (шамамен 10-15 метр) жүруі тиіс, сөйтіп, бұл жерде велосипедтің аэродинамикасы маңызды орынға шығады.
Жүгіру
Басты қағида – спортшы өз аяғымен қозғалуы тиіс.
Кезеңдер арасындағы ауысым
Кезеңдер арасындағы ауысым тәртібін сақтау қатаң регламенттелген (жүзу -> велосипед -> жүгіру). Спортшылар басқа спортшыларға кедергі жасамауы тиіс (өз велосипедтерін дайындау немесе киім ауыстыру кезінде). Олар велосипедтерді қолымен айналымға дейін және кейін өзінің белгіленген ауқымы шегінде ғана қозғалта алады. Шлем айналым басында киілуі тиіс және велосипед арнайы рампаға немесе бұған арнайы белгіленген жерге орнатылғаннан кейін ғана шешіледі. Әлемдік стандарттарға сәйкес жарыс өткізу қағидаларымен киім ауыстыру кезінде жалаңаш түрге тыйым салынған. Велосипед кезеңі кезінде спортшының нөмірлік белгісі арқасында, ал жүгіру кезінде – кеудесінде болуы тиіс. Спортшы әр кезең үшін белгіленген уақыт шегін асырмауы тиіс.
Жазалау
Жарыс кезінде спортшылар бір-біріне кедергі тудырмауы тиіс. Егер бұл жүзу кезінде орын алса, кезең аяқталған соң, спортшыны 30 секундқа кідіртеді. Егер бұл веложарыс немесе жүгіру кезінде орын алса, онда спортшыға сары карточкамен ескерту жасайды. Ол бұдан кейін тоқтап, жарысты жалғастыруға рұқсатты күтуі тиіс. Қауіпті іс-әрекеттер немесе қайта бұзушылық жасаған жағдайда, спортшы, оған қызыл карточка көрсеткеннен кейін, жарыстан шығарылып тасталуы мүмкін. Бір кезеңнің ішінде екі сары карточка автоматты түрде қызылға айналады, спортшы жарыстан шығарылады.
Жарыс құрылғаннан бері триатлонның танымалдығы едәуір қарқынмен өсіп келеді, енді ол жыл сайын өз ішінде бүкіл әлем бойынша жүз мыңдаған қатысушысы бар мыңдаған жарысты қамтиды. Адамдардың спорттың бұл түрімен шұғылдануына не түрткі болады? Біреулері дененің сымбатты болуына ұмтылса, біреулері сөйтіп күнделікті күйбең тіршіліктен дем алады, себептер өте көп болуы мүмкін. Дәл сіз үшін триатлонмен шұғылдану не беретінін анық білудің бірден-бір тәсілі – онымен айналыса бастау.
Крисси Велингтон, Ironman сериясында триатлон бойынша әлем чемпионы, өз кітабында былай деп жазды: «Ironman-ды спорттың өзге түрінен не ерекшелендіреді – бұл беріспейтін және тайсалмайтын қарсыласы: жарыстың өзі, жарыстың ішкі табиғаты. Адам табиғаты, оның ең жақсысы мен ең жаманы, көзге анық, әрі толыққанды мөлшерде ашылады. Ironman бәрін де сыртқа шығарады. Мәреге жету – жеңіске жету. Мәре сызығына жетеміз деп адамдар жол жиегінде бұратылып жатады, олар өз денелеріне өздері ие болмай қалады, есеңгіреген күйге түседі, ал оған дейін әлі қаншама қашықтық жатыр. Қатысушыларды зор сезім баурап алады, олар физикалық тұрғыда да, ментальді тұрғыда да өз іштеріне терең үңіле береді. Ал, мәре сызығына жеткен кезде, кәдімгідей жеңілдеп, шаттанып қаласың. «Шабыт» - бұл күйді сипаттауға қабілетті жалғыз сөз, мұндай сезімді крикет, не футбол ойнап жүріп бастан кеше алмайсың».