Қазақстандықтар Азия чемпионатын бағындырды
Бүгін Чолпон-Атада спринттег триатлоннан Азич чемпионаты өтті. Құрлықтық біріншілікте Elite және U15 санаттарындағы алпыс спортшы спринт және суперспринт қашықтықтарында сынға түсті. Қазақстан атынан шыққан спортшылар әрбір санатта бақ сынады.
Әйелдер арасындағы сында қазақстандық Екатерина Шабалина күміс жүлдегер атанды. Ол олимиадалық қашытқтық бойынша Азия чемпионатындағы үздік алтылыққа енген. Біріншіліктің алтын және қола жүлдесін жапониялық Сарика Накаяма мен Чисато Накаджима иеленді.
«Жеңіс тұғырынан көрінгенім үшін қатты қуаныштымын. Бұл менің алғашқы жеңістерімнің бірі. Соңына дейін жұмыс істедім. Маған жол көрсеткен бапкерлеріме рахмет», - дейді Екатерина Шабалина.
Команданың өзге де мүшелері Надежда Бекмағанбетова 4-ші, Юлия Озерова 8-ші орыннан көрінген.
Ерлер арасындағы бәсекеде екі қазақстандық спортшы тұғыр биігіне көтерілді. Команда үздігі Дарын Қонысбаев Азия чемпионы атанса, Аян Бейсенбаев қоланы қанағат тұтты. Жапондық Киотаро Йошикава күміс жүлдегер қатарында.
«Бұл менің Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісім. Жарыс жоспар бойынша өтті. Жүзуден нәтижем жақсы болған жоқ. Дегенмен, веложарыс кезінде қарсыластарымды қуып жеттім. Ал жүгіру басталғанда өзімнің үздік үштікке енетінімді сездім. Шыны керек, басқа қарсыластарыма қарағанда маған жарыстың жеңіл өтіп жатқанын байқадым. Жеңісім үшін қуаныштымын», - дейді Дарын Қонысбаев.
Мейірлан Ысқақов 7-ші, Темірлан Теміров 8-ші сатыда.
15 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеңісті қазақстандық спортшылар өзара бөлісті. Никита Дубинский алтын, Станислав Глок күміс, Тимур Бәкіров қола жүлде жеңіп алды.
Қыздар арасындағы сында қазақстандық Диана Ержанова топ жарды. Тағы бір қазақстандық спортшы Ангелина Редченко үздік үштікті тұйықтады.
Сайыстың барлық нәтжелері World Triathlon сайтынан таба аласыздар.