Қазақстандық спортшы әйелдер арасында алғаш рет Азия чемпионатында жүлделі болды

20 June 2019

Бүгін Кенджу (Оңтүстік Корея) қаласында бүкіл Азия құрлығының кәсіби триатлеттері мен паратриатлеттерінің басын қосқан триатлоннан Азия чемпионаты басталды.

Бірінші сайыс күні Қытай, Макао, Оңтүстік Корея, Гонконг, Тайпей, Филиппин, Жапония, Сингапур және Қазақстаннан келген Elite санатындағы 29 спортшы әйел сынға түсті. Олардың арасында олимпиадалық квалификация аясындағы ойнатылған ұпайлар үшін үлкен бәсекелі жарыс өтті.

Жүзу бағдарламасынан кейін спортшылар екі негізгі топқа бөлініп, бірінші топ бір минуттық басымдылықпен келесі кезеңге өткен болса, біздің Арина Шульгина (Нұр-Сұлтан) мен Ғазза Кумакбаева (Алматы) екінші топты басқарып кетті.

Велосипедтік кезеңде жағдай аса өзгере қойған жоқ. Арина Шульгина екінші топтың көшін бастап келді. Бұл жерде Ғазиза Кумакбаеваның баға жетпес үлесін айта кету керек. Ол жүзу және велосипедтік кезең кезінде Аринаға барынша көмек беріп, көп бастауға үлкен қолғабыс етті. Велокезеңнің соңына қарай олар 25 секунд ұтып алды.

Доданың ақырғы кезеңі жүгіру кезінде спортшы қыздардың шеберліктері сынға түскен кезең болды. Жүгіру бағдарламасы кезінде бірінші көш бастаған топтағы спортшыларКенджудың ылғал ауа-райына төтеп бере алмай, бір-бірінен қала бастады. Ал Арина Шульгина бастапқыда алған жылдмадығын бәсеңдетпей мәреге жетті. Керемет жұмыстың нәтижесі ретінде Арина өз қарсыластарының алдын орап, жүлделі үшінші орынға ілікті.

Жақында Нұр-Сұлтанда өткен әлем кубогінің кезеңін жеңіп алған жапондық Аи Уеда тағы өз мықтылығын көрсетіп, алтыннан алқа тағынса, тағы бір күншығыс елінің спортшы қызы Юри Иде күмісті жеңіп алды.

Әрі қарай біз Elite санатындағы ерлер арасында додаға түсетін Аян Бейсенбаев пен Темірлан Теміров үшін тақым қысатын боламыз. Сонымен қатар, бапкерлер 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өнер көрсететін Дарын Қонысбаев пен 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында бақ сынайтын Александр Тенге үлкен үміт артып отыр.

Еске сала кетейік, чемпионат 23 маусымға дейін созылады. Ал бүгінгі еліміздің әйелдер триатлоны тарихында алғаш жеңіп алынған қола жүлде күннің қазақстандық ұлттық құрама үшін сәтті өткенін дәлелдейді.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi