Чолпон-Атада нәтижелі жарыс өтті
7 шілдеде Чолпон-Атада өткен аптаның ең маңызды спорттық іс-шараларының бірі – Азия Кубогы және Орталық Азия Чемпионаты өтті. Кубок ITU және ASTC бастамасымен Ыстық көл жағасында өткізіліп, онда әлемнің 10 елінен келген 46 атлет қатысты. Триатлеттер жүлделі орындарғы «спринт» дистанциясында бақ сынасты.
Ыстық көлге Қазақстанның намысын қорғауға 10 триатлет барған болатын, оның ішінде 8 ер және 2 әйел спортшылар болды. Спортшыларымыздың көбісі Чолпон-Атаның құрмет тұғырын бағындырды.
Сайыс күнінің шарықтау шегі Орталық Азия Чемпионатының барлық 3 орнын да біздің құрама өкілдерінің иеленуі болды. Ерлер арасындағы көшбасшы Аян Бейсенбаев болса, екінші болып мәре сызығын Мейрлан Искаков кесті, ал Семен Пивоваров үштікті тұйықтады. ОА Чемпионатының әйелдер арасындағы бірінші орнын да еліміздің өкілі – Анастасия Автушко иеленді. Сонымен қатар, Дарын Қонысбаев жасөспірімдер арасындағы Орталық Азия чемпионы атанды. Ал Арина Шульгина болса Азия Кубогының әйелдер арасындағы бірінші орнын иеленіп, сайыс күнінің әйелдер арасындағы абсолютті көшбасшысы атанды.
Жалпы, құрамамыздың Чолпон-Атадағы өнер көрсетулері сәтті әрі нәтижелі болды, спортшыларымыздың рейтингтеріне бал қосылды және ел сандығына тағы алтын салынды.
Триатлеттерімізді жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз!