Қазақстан құрамасы триатлоннан Орта Азия Чемпионатында сәтті өнер көрсетті
29 маусымда Чолпон-Атада өткен аптаның ең маңызды спорттық іс-шараларының бірі – триатлоннан Азия Кубогі мен Орта Азия Чемпионаты өтті. Кубок Халықаралық Триатлон Одағы мен (ITU) Азия Триатлон Конфедерациясының (ASTC) басшылығымен Ыстық көл жағасында өтті. Сайыста Сербия, Гонконг, Украина, Қазақстан, Сирия, Өзбекстан, Иран, Палестина, Қырғызстан, Әзірбайжан, Румыния, Жапония, Тайпей және Ресей Федерациясы секілді елдерден келген 90 кәсіби спортшы қатысты. Триатлоншылар «спринтерлік» қашықтықта (750 м жүзу, 20 км вело, 5 км жүгіру) жүлделі орындар үшін сайысты.
Ыстық көлге Қазақстан намысын қорғау үшін 22 триатлет келді: 5 әйел және 17 ер. Олардың көбісі құрмет төрінен көрініп, жалпы алғанда 4 алтын, 5 күміс және 3 қола медальдар жеңіп алды.
Elite санатындағы ерлер арасында Орта Азия Чемпионатының алтын жүлдесін ұлттық құрама мүшесі Темирлан Темиров (Ақмола облысы) қанжығасына байлады. Ол 1 сағат 2 минут 15 секунд нәтиже көрсетті. Күміс жүлдені алматылық Антон Витолин 1 сағат 2 минут 22 секунд нәтижесімен жеңіп алды. Қола жүлде 1 сағат 2 минут 42 секунд уақыты үшін ирандых Бехзад Нбари Пуарға табысталды.
Осы санаттағы әйелдер арасында да Орта Азия біріншілігінің жүлделі орындарын біздің спортшылар жеңіп алды. Ғазиза Кумакбаева (Алматы) 1 сағат 13 минут 48 секунд нәтижесімен чемпион атанды. Дарья Бычкова 1 сағат 15 минут 7 секунд нәтижесі үшін күмістен алқа тағынды.
23 жасқа дейінгі спортшылар санатындағы барлық жүлделі орындарды біздің спортшыларымыз жеңіп алып, жұртты таңғалдырды. Көштің басын Мейрлан Искаков (Ақмола облысы, 59 минут 29 секунд) бастаса, мәреге екінші болып Дарын Қонысбаев (Нұр-Сұлтан, 59 минут 50 секунд) жетті. Үштікті Семен Пивоваров (Шымкент, 1 сағат 1 минут 15 секунд) тұйықтады.
Юниорлар санатында Өзбекстан спортшысы Александр Решетников 1 сағат 1 минут 20 секунд нәтиже көрсетіп бірінші орынды алды. Оған 6 секундқа жол берген Дэнис Туницкий (Ақмола облысы) екінші болды. 1 сағат 2 минут 57 секундта мәреге жеткен шымкенттік Даниил Зубцов үшінші атанды.
U15 санатында спортшылар «супер-спринт» қашықтығында сайысты – 350 жүзу, 8, веложарыс және 2,5 км жүгіру. Бәсекелестері алдында өзінің мықтылығын Александр Тен (Алматы) көрсетті. Ол жақында ғана Азия чемпионатында алтын алған болатын. Оның уақыты – 32 минут 50 секунд. 2 минуттан аса жеңілген тағы бір алматылық Егор Крупяков екінші атанды. Бұ санаттағы қыздар арасында шымкенттік Хафиза Гультураева көзге түсті. Ол 43 минут 39 секунд нәтижесі үшін қола жүлдегер атанды.
Жалпы алғанда, құрамамыздың Чолпон-Атадағы көрсеткіштерін нәтижелі деп айтуға болады.