Ақтауда триатлоннан ҚР Кубогінің финалы өтті

22 September 2018

Бүгін Каспий жағасында орын тепкен ақмаржан Ақтау қаласында триатлоннан Қазақстан Республикасы Кубогінің финалы өтті. Аталмыш жарыста Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қостанай облысынан келген Elite және U19 санатындағы 20 спортшы сайысты.

Термометрлер таңертең 23С жылылықты көрсетіп тұр, ал су температурасы 19,7С жылы, жол түп-түзу, жанға жайлы теңізден соққан самал жел -  Ақтауда қызықты да әділ сайысты өткізуге қолайласты.

U19 санатындағы спортшылар сөреге бірінші болып шықты. Юниорлар «спринтерлік» қашықтықты бағындыруға кірісіп кетті. Олардың арасында Аргентинадағы Жасөспірімдер Олимпиада Ойындарында Қазақтан намысын қорғау құқығына ие болған Шымкенттің тумасы Даниил Зубцов та бар. Жарыс бойы біріншілік тізгінін қолдан бермеген Даниил Зубцов, 01 сағат 02 минут 36 секунд нәтижесімен финалдың жеңімпазы атанды. Жеңімпазға 02 минут 21 секунд жеңіліп келген Ерасыл Аманжолов (Шымкент) күміс жүлдеге ие болды. 01 сағат 05 минут 06 секунд уақыт көрсеткен Алихан Әбусейіт (Шымкент) үздік үштіктің тізімін тұйықтады.

Elite санатында ерлер арасында «стандартты» қашықтықтың басынан аяғына дейін финал жеңімпазы атануға талас болды. Бұл санатта 02 сағат 02 минут 09 секунд уақыт көрсеткен Сабыржан Қосақ (Шымкент) бірінші болды. Көшбасшыға 2-ақ секунд жеңілген Алматы облысының тумасы, Орталық Азия жасөспірімдерінің чемпионы – Дарын Қонысбаев екінші болып мәреге келіп, күміс жүлдегер атанды. Қашықтықты 02 сағат 06 минут 03 секундта бағындырған Александр Автушкоға қола жүлде табысталды.

Бүгінгі Elite санатында сайыста бақ сынаған әйелдер арасындағы жеңімпаздың кім болатындығы, жүзуден кейін бірден байқалды. Сөйтіп, Алматылық Ғазиза Кумакбаева көш басын бастап, мәреге бірінші болып жетті. Ол көрсеткен нәтиже 02 сағат 30 минут 42 секундты құрады. 02 сағат 31 минут 15 секунд нәтиже көрсеткен Дарья Бычкова күміс жүлде иесі атанды. Мәре сызығын үшінші болып кескен Айгерим Нұрғалиға қола медаль табысталды. Elite санатында жүлделі орындарға ие болған спортшы қыздардың барлығы да оңтүстік астанамыздың тумалары екендігін атап өткен жөн.

Осылайша, биыл 55-жылдық мерейтойын тойлап жатқан керемет қала Ақтау триатлоннан үлкен сайысты қабылдады. Жарыстардың нәтижелерімен сайтымыздан таныса аласыздар.

 

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi