Қапшағайда екінші сайыс күні мәресіне жетті
Қапшағайда екінші сайыс күні мәресіне жетті
Бүгін Қапшағайда триатлоннан ҚР ашық Чемпионаты аясында өткізілген екінші сайыс күні мәресіне жетті. Сайыс алаңына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақмола, Қостанай және Түркістан облыстарынан келген түрлі санаттардағы 95 спортшы шықты.
Қапшағайдың ауа райы кешегіге қарағанда жайлы болып, бүгін сайыскерлер жүзуге мүмкінді алды. Олар суперспринт қашықтығында сынға түсті - 300 м жүзу, 8 км велодоа мен 2 км жүгіру.
Өз қарсыласының алдында шеберлігін алматылық Ануар Турубаев тағы бір дәлелдеді. Ол Elite санатындағы бірін бірі қуалау сайысын 24:31 нәтижесімен жеңіп алды. Оған екі минуттай жеңілген Семен Пивоваров (Қостанай обл.) екінші орыннан көрінді.
Бұл санаттағы қыздар арасында сайыс алаңына тек Дарья Бычкова шығып, 29:43 нәтижесімен сайысты тәмамдады.
«Андер» санаттарындағы спортшылар арасында бәсекелі сайыс орын алды. U15 санатындағы қыздар арасында өзінің тыңғылықты дайындығын 28:06 уақытымен Диана Ержанова көрсетті. Астаналық триатлон федерациясының шәкірті Диананың осы жылы шыққан барша республикалық додаларда жеңіске жеткендігін айта өткен жөн. Екінші және үшінші орындарды Ақмола облысының спортшы қыздары Юлиана Петрова (29:46) мен Анель Исабаева (30:02) жеңіп алды.
Бұл санаттағы ерлер арасында 26:07 уақытын көрсеткен астаналық Алинаби Маралбеков алтын алды. Күміс жүлдені ақмолалық Тимур Бакиров (26:39) жеңіп алса, қола жүлде тағы бір астаналық Қуаныш Бекеновтың (26:41) қанжығасында кетті.
U17 санатындағы қыздар арасында тағы бір астаналық спортшы Ева Пинчук (30:21) жеңіске жетті. Екінші орында отыз секунд жеңілген Анастасия Захарова (Ақмола обл.) болса, үшінші орында – алматылық Милена Саприна (31.04).
U17 санатындағы барлық ерлер арасында мәреге бірінші болып көкшетаулық Арлан Жаңабай (25:15) жетті. Қостанайлық Руслан Бекенов (25:43) екінші атанса, астаналық Али Жанат (25:47) үшінші болды.
U19 санатындағы қыздар арасында алтынды жасөспірімдер құрамасының мүшесі Аружан Аманжолова (Түркістан обл.) 30:46 уақытымен алып кетті. Екінші орында шымкенттік Хафиза Гультураева (31:21).
Осы санаттағы ерлер арасында үздік үштік атану бәсекесінде алматылық спортшылар нағыз дода көрсетті. Мәредегі күресті 23:41 уақыт көрсеткен Даниил Породнов жеңіп алды. Оған екі секунд жеңілген Александр Тен күміс жүлдегер атанса, бір секундтан кейін мәре кескен Егор Крупяков қола жүлдені қанағат тұтты.
23 жасқа дейінгі санатта сайысқа шыққан Юлия Озерова 28:01 уақытымен мәреге жетті.
Алихан Абусеит (Шымкент) U23 санатындағы сайысты жеңіп алды (24:06). Алматылық Кирилл Рожков (24:41) екінші орыннан көрінсе, түркістандық Ерасыл Аманжолов жеңімпазға елу секунд ұтылып, үштікті тұйықтады.
Сайыстардың қатаң санитарлық талаптарға сай әрі көрерменсіз өткізілгендігін атап өткен жөн. Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушылар тек теріс нәтижелі ПЦР-тестілеудің анықтамасымен сайыс алаңына кіргізілді.
Сайыстар бас серіктестердің: «ҰӘҚ «Самрұқ-Қазына» АҚ, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Eurasian Resources Group компаниялар тобы, сонымен қатар, Sport Qory» Спорт және туризм индустриясын қолдау қоры қаржылық серіктестің қолдауымен өткізілгенін естеріңізге саламыз.
Барлық спортшылардың нәтижелерімен ресми сайтымыздан танысуға болады.