Триатлон бапкерлерін оқыту және біліктілігін арттыруға арналған бірінші дәріс аяқталды

2 April 2021

#triathlonorgkz ұйымдастыруымен триатлон бапкерлерін оқыту және біліктілігін арттыруға арналған бірінші дәріс аяқталды. ҚР тректегі велоспорттан (спринт) Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Валентин Сергеевич Савицкий басшылығымен өткен дәріске 15 триатлон бапкерлері қатысты.

Дәріс барысында триатлондағы сайысу түсінігі және оны сегменттеу, қозғалыс бірліктерінің түсінігі, спортшының жаттығуы, дамуы және бейімделуінің негізі сынды түрлі тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар, дәріскер физиология және биология тұрғысынан спортшы дайындығына заманауи көзқарас, физикалық жаттығуларды биологиялық тұрғыдан сараптау, дайындықты микро- және мезоцикл ішінде жоспарлау, макроциклды қалыптастыру туралы сөз қозғады. Тыңдаушылар алған ақпаратты бекіту мақсатында дәріс соңында тестілеу түрінде емтихан өткізілді. Алты бапкер қажетті сұрақтарға жауап беріп, емтиханнан өтті.

«Қазақстан Республикасында спорт түрлерін дамыту жолында үлес қосып, білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін бергендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Бұл менің мұндай бірінші тәжірибем емес, 2020 жылдан бері дәріс оқып келемін. Бапкерлерді оқыту, іріктеу және макроқұрылым деңгейінде дайындықты жоспарлау концпециялары, Қазақстан Триатлон Федерациясы ұстанып отырған жалпы спортты дамыту бағдарламасын дұрыс деп санаймын. Мұндай бағдарлама оңтайлы бағытта жұмыс жасап, келешекте жақсы нәтижелер алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Триатлондағы кадрларды дамыту қолға алынып, мамандармен жұмыс жасалып, олардың зияткерлік потенциалын дамытуға көп жұмыс атқарылуда. Осы жұмыстың барлығы жуырда үлкен нәтижесін көрсететіндігіне сенемін. Тек уақыт қажет. Бүгінде инвестициялық кезең өтуде, яғни алдағы барлық кедергіні жеңе алатын мықты кадрлық капитал қалыптастырылып жатыр»,-деп ойымен бөлісті В.С. Савицкий.

Еске сала кетейік, ҚТФ бапкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру мақсатында 2021 жылы 8 дәріс-семинарлар өткізбек. Бірінші семинар онлайн форматта өткізілді. Екінші дәріс сәуір айының аяғына жоспарланып отыр.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi