Бурабайда триатлоннан Қазақстан чемпионаты басталды

6 July 2019

Бүгін Бурабайда триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Бірінші сайыс күні Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген U23 және U19 санаттарындағы 21 спортшы сынға түсті.

Бурабай чемпионат қатысушыларын ыстық ауа-райымен қарсы алды: термометрлер 27°С ыстықты көрсетіп тұрса, су температурасы 20°С болды. Гидрокостюм киюге тыйым салынды.

Сайысқа бірінші болып 23 жасқа дейінгі спортшылар шықты. «Стандартты» (1500 м жүзу, 40 км веложарыс пен 10 км жүгіру) қашықтықты бағындыруға 6 спортшы шықты. Доданың көшін бастаған үздік үштік жүзу кезеңінен кейін-ақ анықталып, қалған үштік жүзу және велокезеңдерде жарыстан шығып қалды. Осы «олимпиадалық» қашықтықтағы үздік нәтижені 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, ұлттық құрама команда мүшесі Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы) көрсетті. Оның нәтижесі – 2 сағат 45 секунд. Ұлттық біріншіліктің күміс жүлдесін 2 сағат 2 минут 23 секунд уақытымен Мейрлан Искаков (Ақмола облысы) жеңіп алды. «Қоланы» 2 сағат 4 минут 8 секунд нәтижесі үшін Темирлан Темиров (Ақмола облысы) қанжығасына байлады.

Келесі сайыс алаңына «спринтерлік» қашықтықта (750 м жүзу, 20 км веложарыс пен 5 км жүгіру) бақ сынасқан U19 санатының спортшылары шықты. Бұл дода өзінің жүлделі орындарға деген үлкен талас болғандығымен жанкүйерлер есінде қалды. Жүзу кезеңінен кейін-ақ Дэнис Туницкий (Ақмола облысы) көшті бастап, мәреге жеткенше алдына жан салмай, ел чемпионы атанды. Ол 1 сағат 3 минут 59 секунд нәтижесін көрсетті. Оған 37 секундқа ұтылған Ерасыл Аманжолов (Түркістан облысы) күмістен алқа тағынды. Ал үздік үштікті тағы бір Ақмола облысының өкілі Мұрат Жәкен тұйықтады (1 сағат 7 минут 58 секунд).

Он тоғыз жасқа дейінгі спортшы қыздар арасындағы ойнатылған жүлделі орындардың барлығын Ақмола облысының арулары жеңіп алды. Бәсекелі сайыста керемет нәтижемен (1 сағат 12 минут 28 секунд) Надежда Бекмаганбетова «алтын» алды. Оған 1 минуттай жол берген Ашраф Камалова «күміс» алды. 1 сағат 15 минут 24 секунд уақыт көрсеткен Наталья Короткова үшінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, Бурабайда триатлон жарыстары өз жалғасын табатын болады. Ертең 7 шілдеде Elite (кәсібилер) санатындағы спортшылар арасында крос-кантри триатлоннан ҚР чемпионаты мен Age Group (әуесқой) спортшылар арасында «TEMIRADAM» Кубогінің VI кезеңі өткізілмек.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi