Триатлон бойынша V Жазғы спартакиада: бірінші күн қорытындысы

20 July 2019

Бүгін Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан Республикасының триатлон бойынша V Жазғы спартакиадасының бірінші сайыс күні өз мәресіне жетті. Төрт жылда бір рет Олимпиада ойындарының алдында өткізілетін спартакиадаға Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 30 кәсіби спортшы қатысты. Спортшылар «стандартты» қашықтықта  - 1500 м жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіру, жеңімпаздарды анықтады.

Шахтерлер қаласы ұлттық біріншіліктің қатысушыларын отыз градустық ыстық ауа-райымен қарсы алды, ал су температурасы 24°С болып тұрды. Гидрокостюмге тыйым салынды.

Трассаның барынша ыңғайлы болғанына қарамастан, мәреге жете алмағандар да болды. Себебі сайысқа бүгінгі таңдағы қазақстандық кәсіби триатлонның ең мықты спортшылары шыққан болатын.

Жүзу бағдарламасы аяқталғаннан кейін, ерлер арасында көшті кімнің бастайтыны белгілі болды: Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы), Дарын Қонысбаев (Нұр-Сұлтан), Мейрлан Искаков (Ақмола облысы), Темирлан Темиров (Ақмола облысы) және Семен Пивоваров (Шымкент). Бір жарым шақырымдық судағы сайыста үздік уақытты Аян Бейсенбаев көрсетті – 19 минут 49 секунд. Осы спортшылар велокезеңде де жылдамдықты түсірмей, екінші транзиттік зонаны бірге өтті. Соңғы жүгіру кезеңі құрмет төріне кім шығуға лайық екенін көрсетті.

Керемет дайындықты көрсетіп, 1 сағат 50 минут 46 секундта мәреге жеткен Аян Бейсенбаев республикалық триатлон спартакиадаларының тарихына өз атын ойып жазды. Оған 1 минуттай жеңілген Дарын Қонысбаев күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті 1 сағат 52 минут 40 секунд нәтиже көрсеткен Темирлан Темиров тұйықтады.

Ал әйелдер арасында жүзу бағдарламасының бірінші кезеңінен кейін үздіктер көріне бастады – сайыс фавориті Арина Шульгина (Нұр-Сұлтан) және Ғазиза Кумакбаева (Алматы). Қыздар бірінші транзиттік зонаға 2 минуттық артықшылықпен шықты. Велокезеңде де осындай жағдай орын тепті. Он шақырымдық жүгіру кезеңі мәселенің шешімін берді.

Ғазиза Кумакбаева мәреге бірнеше метр қалғанда жеңісті бәсекелесінен тартып алып, 2 сағат 10 минут 7 секунд нәтиже көрсетіп, алтын жүлдегер атанды. Оған 18 секундқа жол берген Арина Шульгина күміс жүлдені иеленді. Қола жүлде 2 сағат 13 минут 38 секунд нәтиже көрсеткен Ақмола облысының тумасы Надежда Бекмағанметоваға табысталды.

Қазақстан Республикасының триатлон бойынша V Жазғы спартакиадасының бірінші сайыс күнінің жүлделі орындары осылайша үйлестірілді. Ертең сайыс алаңына кәсіби спортшылардың аралас эстафеталық командалары мен “TEMIRADAM” Кубогі VII кезеңінің ұпайларын ортаға салатын әуесқой спортшылар шығады.

 

 

 

 

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi